Төтенше жағдайлар қызметкері ақмолалық балаларды жүзуге үйретеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының төтенше жағдайлар қызметкері суға түсу маусымы қарсаңында балаларды суда жүзуге үйрететін болады. Бұл жайында аталған өңір әкімдігінің ішкі саясат басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советовтың айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері өңірдің жабық су қоймаларында мамандар 467 баланы суда жүзуге үйреткен. Жалпы облыста демалу мен балық аулауға арналған 754 су қоймасы және 66 жағажай бар. Демалыс аймақтарының басым бөлігі Бурабай мен Зеренді шипажайлық-курорттық алабта орналасқан.

Ақмола облыстық ТЖД мәліметтеріне сәйкес, өткен жылы өңірде 22 адам, оның ішінде 1 бала суға батып кеткен.

Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі әлі күнге дейін суға түсудің қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, алкогольге масайған күйде суға түсуден, сонымен қатар ата-аналардың балаларына салғырт қарауынан орын алады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрақты түрде балаларды суда жүзуге үйретіп отырады. Қысқы маусымда малтып үйрету курстары Көкшетау қаласындағы бассейндерде, ал жазғы маусымда ашық су қоймаларында жүргізіледі.