Төтенше жағдайлар министрі «жеке құрамнан ақша жинау» фактісі туралы пікір білдірді

Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамына ақша жинау деректері бойынша сауалнама жүргізіледі. Бұл жайында министр Сырым Шәріпханов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Зуялхан Гасановтың Түркістан облысының құтқарушыларынан Төтенше жағдайлар министріне ақша жинау туралы мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берген еді.

«Шынымен де, сондай үндеу болған. Біз кеше ресми жауап бердік. Менің ұстанымым – адал өмір сүріп, адал еңбек ету. Сондықтан ол үндеуде көрсетілген фактілер орынсыз. Бұл бағытта белсенді жұмыс жүргіземіз. Біз ашықпыз. Осы лауазымдағы жұмысқа кірісіп бастаған кезде-ақ осылай айтқам. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен тығыз жұмыс істейміз. Бірқатар үлкен шара өткізгенімізді БАҚ-тан біліп отырсыздар. Сондықтан дәл осы аталған факті бойынша тексеру жүргіземіз. Фактілер анықталған жағдайда жауаптылар жазаланады. Ал егер бұл жала екенін мәлім болса, мәлімет таратушыны сотқа беру мәселесі бекітілген тәртіп бойынша жасалады», - деді ол.

Журналист министрлік үндеудегі фактіні ресми түрде теріске шығарған болса, тексеру не үшін жасалатанын сұрады.

«Жеке құрамға тағы бір рет сауалнама жүргіземіз. Тексеру осы мақсатқа бағытталады. Одан бөлек менде WatsApp-чат бар. Жеке құрамның бәріне ол туралы мәлімет берілген. Ол чатқа да осынадй мәлімет түссе, міндетті түрде тексеру жүргіземіз», - деді Сырым Шәріпханов.