Оған «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Адам өмірін құтқарудағы ерлігіңіз бен жанқиярлығыңыз үшін сізге алғыс білдіремін, - деді Юрий Ильин.
Оқиға 2021 жылдың 26 мамырында Нұр-Сұлтан қаласының Ақбұлақ өзенінде болған.
Күндіз көпірлердің бірінен қыз бала кенеттен секіріп кетеді. Оның суға секіргенін көріп сол маңдағы адамдар көмек сұрап айқайлаған. Сол сәтте елдордалық жоғары оқу орындарының бірінде қауіпсіздік қызметкері болып жұмыс істейтін Асылбек Нұржанов суға секіріп, қызды құтқарған.
«Ол кезде қыз ес-түссіз жатқан болатын. Оқиғаның өзге куәгерлері маған жағаға шығуға көмектесті. Олар қызға алғашқы медициналық көмек көрсетті»,- дейді батыр жігіт.
Төтенше жағдайлар министрі Асылбек Нұржановқа алғыс айтып, отбасына денсаулық пен бақыт тіледі.