***
«Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың, Парламент депутаттарының, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп, онда өткен жылғы жұмыстар қорытындыланып, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудағы жаңа міндеттер сараланды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, жиынды қорытындылаған Е.Орынбаев өз сөзінде Елбасының Жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсартуға ерекше назар аударылғанын айта келіп, бұл ауқымды шараны жүзеге асыруда Үкіметке нақты тапсырмалар берілгенін ескертті. Ең алдымен, халықты еңбекпен қамту - сонда нақтыланған негізгі шаруа болып, бізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Әсіресе, жастарды жұмысқа орналастыруға мән беруіміз керек. Осыған орай Е.Орынбаев министрліктің облыс, аудан, ауыл бойынша нақты жоспар жасап, оны жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарастыру, ауыл ахуалына ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты. Мақала «Әлеуметтік мәселелер сараланды» деген тақырыппен берілген.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстанның бизнес саласындағы ізденістері халықаралық ауқымда да қызығушылық туғызуда. Осыдан 2 күн бұрын, Мәскеуден шығатын «Ведомости» газетінде Ресей Премьер-Министрі Владимир Путин өзінің «Бізге жаңа экономика керек» деп аталатын мақаласын жариялады. Мақалада бұл мәселеге байланысты былай делінген: «Біз осы жылдың 1 қаңтарынан бастап біртұтас экономикалық кеңістік режіміне енген көршілес Қазақстанның үлгісі назар аударарлық. Қазір бұл ел, Бүкіләлемдік банктің бағалауына сәйкес, тұтастай алғанда бизнеске жасалған жағдай бойынша 47-ші орында тұр, ал Ресейдің орны - 120-шы. Бірнеше жылдың ішінде бизнес жүргізуге жайлылықты анықтайтын барлық көрсеткіштер бойынша бізбен салыстыруға келетін елдердің үздік көрсеткіштеріне жақындау міндетін қоюды ұсынамын».
***
«Айқын» газетінің бейсенбілік санында адамзат игілігіне жарар жаңалық ашып, есімін тарихқа қашап жаздырған тапқырлар жайлы сөз қозғалады. Онда да ғұламалардың арасынан ең атақтылары іріктеліп, әртүрлі дерек көздерін пайдалана отырып, олардың қоғамға сіңірген еңбегін електен өткізілген. Басылымның атап өтуінше, «Ең атақты өнертапқыш кім?» деген сұрақ төтеден қойылса, оған жауап табу қиынның қиыны. Дегенмен үздіктер тізімін түзіп, бәсеке тудырғанды ұнататындар жауапкершілігі мол тәуекелге барып жатады екен. Мәселен, көптеген сарапшылар ең атақты өнертапқыш ретінде ежелгі грек ғалымы Архимедті атайды екен. «Бүгінгі таңда әлем елдеріндегі барлық мектептер мен өзге де оқу орындарындағы шәкірттер Архимедтің еңбегіне сүйеніп, математика амалдарын үйренеді. Оның бұл саладан бөлек бірнеше пайдалы машиналарды ойлап тапқанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Мәселен, Архимед жау шебін бұзатын соғыс құралын өмірге әкелген», - деп жазады басылым. Тағы да басқа ғалымдар жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Ең атақты өнертапқыш кім?» деген мақалаға назар салыңыз.
Дәстүрлі Давос жиыны бұқараның жаппай қарсылығына қарамастан «ың-шыңсыз» өтті. Әлем алпауыттарының дәстүрлі басқосуы биыл да әлемді тығырыққа тіреген қаржы дағдарысын тоқтатудың амалын таба алмаса да оған қатысушылар дүниежүзін елең еткізген «сөз айтты». Ол нағыз капиталистердің, капитализм формациясының пайдалылығын ғылыми дәлелдеп шыққан Адам Смит, Рикардо, Кейнс теорияларынан нәр алған ғалымдардың, ежелден капиталистік еңбек қатынасынан қол үзбей дамып келе жатқан мемлекет басшыларының уағдаласып қойғандай «капитализмнің өмірі санаулы», «көрінбейтін қол енді капитализмді реттей алмайды» деген сыңайлы ақиқаттарды мойындауы, ол ол ма, бәрі де жоғарыда айтылған тіркесті өз ауыздарынан мәртебелі мінберден жариялауы болды. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарияланған «Давос: «капитализмнің санаулы өмірі қалды» деген тақырыпта кеңінен баяндалған.
***
Бесінші шақырылыммен сайланған депутаттық корпус кеше бірінші рет бас қосты. Басым көпшілігі нұротандықтардан, сосын ақжол мен коммунистерден һәм Ассамблея өкілдерінен құралған жаңа құрам білек сыбана заң шығару ісіне кірісті. Жаңа төраға Нұрлан Нығматулиннің жиынды ашу барысында сәл кібіртіктегені болмаса, бірінші отырысты «біртүрлі» өтті деуге еш негіз жоқ. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген «Мәжіліс атқа қонды» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Айтпақшы бұны бесінші шақырылымның ерекше белсенділігіне жатқызамыз ба, оны білмедік, әйтеуір палатаның жұмысқа алған бірінші заң жобасына бастамашылық жасаған да сол «депутат» аталатын қауымның өзі екен. Оның үстіне қалаулылар бұл жолы онша-мұнша емес, заңнама мәселесін тікелей Ата заңның әлеуетін іске асырудан бастағалы отыр. Тоқ етері, мәжілісмендер қарауына енген алғашқы заң жобасы Конституцияның 78-бабын іске асыру жұмысына арналыпты», - деп жазады басылым.
«Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровқа бекер өкпелеппіз. «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» дегендей, Төтенше жағдайлар министрлігі қазақ тіліне немқұрайлы қараудан Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен «озып» кетті. Министр Владимир Божко бастаған, өзгесі қостаған кешегі алқа мәжілісі 99 пайыз орыс тілінде өтті. Артық-кемі жоқ тура 1 пайыз ана тіліміздің еншісіне тиді. Бұл бір пайыз Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметовтың тура 1 минуттық қазақ тілінде оқыған кіріспе сөзі және Владимир Божконың қазақша «Құдай қаласа» деп баяндама арасында айтып қалған сөзі. Қысқасы, арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай дөңгелесе, соңғылары да солай жүретіні белгілі. Сондықтан да, Божко қазақша сөйлемей, төтеншенің қазақшасы «төтенше жағдайдан» оңалмасы түсінікті», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымда жарық көрген мақала жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Төтеншенің алқасында мемлекеттік тіл «төтенше жағдайда» қалды» деген тақырыпқа көз салыңыз.