Той қонақтары үйіндінің астында қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін кешке Қытай Халық Республикасының шығысындағы Чжецзян провинциясында оқыс оқиға орын алды. Ячжуан ауылында үйлену тойы өтіп жатқан сәтте үйдің төбесі опырылып ортасына түсті.

Алты адам қаза тауып, елуге жуық адам жарақаттанды. Қазіргі сәтте апат орнында құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Алғашқы ресми емес деректерге қарағанда, үйінді арасынан алпысқа жуық адамды шығарып алған. Зардап шеккен алты адамға медициналық көмек көрсетілгенімен, артынша көз жұмған. Ал шамамен елуге жуық адам әртүрлі дене жарақаттарын алған, олар таяу маңдағы ауруханаға жеткізілді.