Мұндай жайттың орын алуына төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін билік тарапы, медицина қызметкерлері індеттің беті әлі қайтпағандығын айтып, барынша сақтық шараларын сақтану қажеттігін, бей-берекет сыртқа шықпау қажеттігін ескерткеніне қарамастан халықтың бейқам өмірге оралуы себеп болғаны сөзсіз.
Қазіргі уақытта елімізде коронавируспен ауырғандардың саны 21 мыңға жуықтап қалды. Мұнан тыс коронавирус індетінің белгілері жоқ 15 500-ден астам адам тағы бар. Індеттің мұндай симптомсыз түріне шалдыққан адамдар вирусты тасымалдаушы саналады және байланыста болған адамдарға жұқтыру қаупі де жоғары. Жалпы күн сайын симптомы жоқ мыңға жуық адам тіркелу үстінде. Тіпті, әлеуметтік желіде «дене қызуым бірнеше күн болды түспей жатыр», «тыныс алуым ауырлап, әлсіреп қалдым» деген сынды жазбалардан көз сүрінеді.
Ал осындай өсімге не себеп? Жоғарыда айтқанымыздай адамдардың бейқамсыздығы себеп. Мәселен, күні кеше Алматыдағы дәмханалардың бірінде үйлену тойы өтті. Мұны арнайы жасақтаған топ анықтаған болатын. Ал енді осы тойға келген 100 адамның бірі корнавирус тасымалдаушы болса не болмақ? 100 адамға жұққан вирус өршіп, бірнеше жүздеген адамға тарап кете бермей ме?
Иә, қазір той тойлайтын уақыт емес. Мұны күні кеше ғана «Ана тілі» газетінде сұхбатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік», деп баса айтқан болатын.
Ал айтылған ескертулерге қарамай отбасылық той-томалақ пен отырыс, шараларды өткізгендерге қандай жауапкершілік қарастырылған?
Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік бұзушылық туралы кодексінің 462- бабының 3- бөлігінде 1,4 млн теңгеге дейін айыппұл, санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін аталған кодекстің 425-бабында 5 млн теңгеге дейін айыппұл белгіленген. Құдай бетін аулақ қылсын. Егер сол той-томалақ абайсызда адамдардың ауруды жаппай жұқтыруына немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қылмыстық жауапкершілік тағайындалады. Нақты айтқанда ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы бойынша 5,5 млн теңге көлеміндегі айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Сондықтан дәл қазіргідей қиын кезеңде той-томалақтан тыйылып, сақтық шараларына баса мән беру қажет. Өзіңді, отбасыңды қауіпті вирустан сақтау жағын ойлау керек-ақ.