Тойда ерлер мен әйелдердің бөлек отыруы діндарлық емес – Нұрлан Байжігітұлы

АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамда той кезінде ерлер мен әйелдердің бөлек отыруы керек деген пікір жиі талқыланады. Имам Нұрлан Байжігітұлы бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және тойдағы діни талаптарды қазақтың дәстүрі мен болмысынан бөлек қарауға болмайтынын айтты.

Видеодан алынған кадр

— Біз, біріншіден, діни мемлекет емеспіз, біз — зайырлы қоғамбыз. Зайырлылықтың сипаты бізде болуы керек. Бұл дінсіздік қоғам деген сөз емес. Діннің талабын біздің мемлекетіміздің заңнамасы толығымен атқарады десем, рас шығар, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Имамның айтуынша, ерлер мен әйелдерді тойда міндетті түрде бөлек отырғызу мәселесін діндарлықтың негізгі белгісі ретінде көрсету дұрыс емес.

— Ал енді тойда жеке отыру, бөлек отыру бұл — шарасыздардың сөзі. Дінді радикалдыққа бұрып, шарасыздыққа алып баратын дүние. Мынау суға батқан адам жанын сақтап қалу үшін бір ағашқа, бір бөренеге жабысқан сияқты, — деді ол.

Нұрлан Байжігітұлы мұндай тәртіптің кей жағдайда көзбояушылыққа айналуы мүмкін екенін атап өтті.

— Жеке-жеке отырып алып, кейін бәрі араласатын болса, оның не керегі бар? Мысалы, ерлер мына жақта, әйелдер мына жақта отырады. Ал кейін бәрі араласады, бірге билейді. Сонда бұл көзбояушылықтың не керегі бар? Кім кімді алдап жатыр? — деді имам.

Имамның айтуынша, тойда адамдар өз болмысынан алшақтап, сырт көзге өзін басқа қырынан көрсетуге тырыспауы керек. Ол шынайы болып, шектен шықпау маңызды екенін айтып, «Тойда қандай болсаң, үйде де сондай бол» деген ұстанымды алға тартты. Сондай-ақ бұл ойды Имам Ағзамның адамның ішкі болмысы мен сыртқы көрінісі үйлесуі керек деген сөзімен байланыстырды.

— Тойда ер адам әйелін қадірлегеніне жаман бола ма? Жоқ, жаман болмайды. Ер адам әйелін қадірлегені, құдай қосқан жарын қорғаушы ретінде қолын демеп, тұрғызғаны тұрған ештеңесі жоқ нәрсе. Бұл намыстанатын нәрсе емес, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Ол тойда да, күнделікті өмірде де шынайылықты сақтаудың маңызды екенін атап өтті.

— Сондықтан тойда да, өмірде де шынайы болу керек. Қазақтың болмысына, өміріне, тұрмысына сай болу керек. Жоқты бар етіп көрсетуге, елдің алдында өзіңді басқа адам етіп көрсетуге тырысудың қажеті жоқ, — деп түйіндеді Нұрлан Байжігітұлы.

Бұған дейін қоғамда тойшылдықтың маңызы қандай екенін жазғанбыз.