Тойдағы шулы видео: тілектің орнына «уағыз» айтқан адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында тойда түсірілген видеоға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Түркістан облысында өткен тойлардың бірінде тілектің орнына діни «уағыз» айтқан ер адамның видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады.

Бейнежазбада ол тойларда арақтың қойылмай жүргенін құптайтынын айтып, ендігі кезекте музыкадан бас тарту керектігін жеткізген. Сондай-ақ ерлер мен әйелдердің бірге отыруын шариғатқа қайшы деп бағалап, мұсылмандардың діни талаптарды қатаң ұстануы қажет екенін айтқан. 

Ішкі істер министрлігі бұл видеоға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

– Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдемелері қамтылған бейнежазба анықталды. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, – делінген хабарламада.

Министрлік Қазақстан Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқығы мен бостандығының теңдігін қамтамасыз ететінін атап өтті.

– Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді, – делінген ресми мәлімдемеде.

Сондай-ақ ведомство сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтіп, заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға берілетінін ескертті.

Бұған дейін домбыраны харам деген ақтөбелік бас бостандығынан айырылғаны туралы хабарлаған едік.