Тойымсыздық па, әлде бәзбіреу желіктіріп отыр ма - Дәурен Сейітжанұлы Маңғыстаудағы жағдай жөнінде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Журналист Дәурен Сейітжанұлы Маңғыстаудағы жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Маңғыстау өңірінде өндіріс орындары тоқтап тұр. Екі апта болды. Ереуілдеген жұмысшылардың талабы: жалақыны 1 млн теңгеге көтеру. Талап тым жоғары секілді. Бензовоз жүргізетін, жанармай бекеттерінде жұмыс істейтін қандастарымыздың айлығы 100 мың теңге шамасында. Әйтпесе иістен келетін зардапты өндірістегілерден кем көріп жүрген жоқ. Оның қасында мыналардың жағдайы әлхәм шүкір. Кемі 400 мың жалақы алады деген ақпарат шығып жатыр. Егер сыйақыларды, қосымша төлемдерді қосса, онсыз да олар ай сайын орташа есеппен 1 млн теңге алады. Сонда да ереуілді тоқтатпайды. Тойымсыздық па бұл, әлде бәзбіреу жел беріп, желіктіріп отыр ма?», - деп жазды Д. Сейітжанұлы Facebook желісінде.

Журналист ең абзалы – жаңа жұмыс орындарын ашу екенін жазды.

«Қанша адам екі қолға бір күрек таппай жүр. Ал билік, компаниялар жақында қойылған бұл талаптарды, міндеттерді ретімен орындап жатыр», - деді ол.

Айта кетейік, Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының жалақысы 20 пайызға өсті.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Екатерина Смышляева да еңбек ұжымдары арасында митингілер мен ереуілдерге алаңдаушылық білдірген еді.