Тозығы жеткен көпірлерді жөндеу: 5 жылдық жаңа бағдарлама іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – 2027-2031 жылдары еліміздегі республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы көпірлерді түгендеу, жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмек. Ол үшін арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жауабында айтылған.

Фото: Kazinform

Вице-премьердің айтуынша, қазіргі уақытта көпір құрылыстарын түгендеу, жаңғырту және жетілдіру жөніндегі бес жылдық бағдарлама әзірленіп жатыр. Құжат мүдделі тараптармен келісу сатысында. Оны биылғы жылдың соңына дейін бекіту жоспарланған.

- Бағдарлама республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы көпір құрылыстарын қамтып, көпір шаруашылығын басқарудың бірыңғай тәсілін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Оның мәліметінше, бағдарлама аясында жергілікті жол желісіндегі барлық көпірді түгендеу және паспорттау жұмыстары жүргізіледі. Жиналған ақпарат Көпірлерді пайдалану жағдайын басқару жүйесіне енгізіледі. Бұл әр нысанның техникалық жай-күйін бағалап, жөндеу, конструкцияларын күшейту немесе реконструкциялау қажеттігін анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жұмыстардың басымдығы көпірдің апаттық жағдайдағы деңгейіне, көлік қозғалысының қарқындылығына және әлеуметтік-экономикалық маңызына қарай белгіленеді.

Қанат Бозымбаевтың жауабында апатты көпірлерді жөндеуді қаржыландыру мәселесіне де тоқталған. Оның айтуынша, 2026 жылға дейін жергілікті маңызы бар апатты көпірлерді жөндеу республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылған. Ал биылдан бастап бұл шығындар жергілікті бюджеттер есебінен, оның ішінде 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді ескере отырып өтеледі.

- Қаржыландырудың тағы бір көзі – Инфрақұрылымды дамыту қоры. Қор қаражаты есебінен жалпы құны 234,7 млрд теңгені құрайтын 43 жобаны іске асыруға қолдау көрсетілген. Бұл жобалардың бір бөлігі апатты жағдайдағы көпірлер мен жергілікті маңызы бар көпір құрылыстарын жөндеуді қамтиды. Жөндеуді және реконструкциялауды қажет ететін көпір құрылыстарының жиынтық тізімі жасақталады. Онда нысандардың орналасқан жері, техникалық жай-күйі және қажетті жұмыстар көрсетіледі, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Үкімет басшысы орынбасарының атап өтуінше, осы тізім негізінде 2027-2029 жылдары бірінші кезекте іске асырылатын жобаларды қор қаражаты есебінен қаржыландыру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Бұдан бөлек, 2026-2029 жылдары Ақтөбе – Қызылорда, Бейнеу – Сексеуіл, Жаңаөзен – Темірбаба, Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда және Орталық – Батыс бағыттарындағы автомобиль жолдарын дамыту жобалары аясында көпірлерді салу және жөндеу жұмыстары көзделген.

- Аталған шаралар апатты көпірлерді кезең-кезеңімен қалпына келтіруге, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Қанат Бозымбаев.

Бұған дейін депутат Тұрарбек Тілемісов Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдап, тозығы жеткен көпірлер мәселесін көтергенін жазған едік.