Төзімсіздікпен, әсіресе нәсілшілдік және ксенофобиямен күрес өте маңызды, әрі қажетті іс - Грекия өкілі

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ -Төзімсіздікпен, әсіресе нәсілшілдік және ксенофобиямен күрес өте маңызды, әрі қажетті іс. Елордада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының «Мигранттарға қатысты төзімсіздік» сессиясында сөз алған Грекия өкілі осындай пікір білдірді.

«ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерде мигранттардың алдынан шығатын төзімсіздікпен, әсіресе нәсілшілдік және ксенофобиямен күрес өте маңызды, әрі қажетті іс», - деді ол.

Шетелдік мейманның пікірінше, әсіресе еңбек мигранттары арасындағы ерекше проблемаларға душар болатын әйелдердің жағдайына ерекше назар аудару қажет. Бұл орайда ЕҚЫҰ-ның мигранттарға қатысты төзімсіздік құбылысымен күресте алдыңғы қатарда болуы оңды.

Сондай-ақ ол сөзінде мигранттарға қатысты төзімсіздікпен күресуге жол ашатын тәсілдерді білім ошақтарына енгізіп, кішкентай кезден бастап төзімділікке және толеранттыққа тәрбиелеу қажеттігін баса айтты.