TRACECA цифрлық дәлізді дамытуға басымдық беріп отыр – Асет Асавдаев

АСТАНА. KAZINFORM – TRACECA Үкіметаралық комиссиясының 18-отырысында ұйымның Бас хатшысы Асет Асавбаев алты жылдық қызметінің қорытындысын шығарып, ұйым аясында жүзеге асқан негізгі бастамалар мен жетістіктерді таныстырды.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның айтуынша, отырыс аясында TRACECA-ның бірыңғай транзиттік рұқсат туралы келісіміне қол қою жоспарланып отырғанын атап өтті.

– Бұл келісім негізгі көпжақты келісімнің іргелі міндеттерінің бірі – дәліз бағыттары бойынша жүктердің еркін әрі кедергісіз транзитіне жағдай жасау жолындағы маңызды қадам. Құжат бірнеше қағаз рұқсаттың орнына бір электронды рұқсатты пайдалануға мүмкіндік береді, - деді Асет Асавбаев.

Бас хатшы TRACECA дәлізін цифрландыру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

– Электронды бланкілерге көшу – TRACECA дәлізін цифрландыру бағытындағы ортақ саясаттың маңызды бөлігі. Бұл жүйенің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол.

Сонымен қатар 2027–2034 жылдарға арналған халықаралық көлік дәлізін дамыту стратегиясы мен 2027–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленгені айтылды.

– Бұл құжаттар дәлізді дамытудың ұзақмерзімді басымдықтары мен стратегиялық бағыттарын айқындайды, - деді ұйым басшысы.

Асет Асавбаевтың айтуынша, 2022–2026 жылдарға арналған жоспар аясында 107 тармақ бойынша жұмыс жүргізілген. Бұл көлік, логистика, мультимодальды тасымал және институционалдық кедергілерді жою бағыттарын қамтиды. 

Отырыста TRACECA жүйесіне Қырғыз Республикасының қосылғаны да айтылды. Бұл ұйымның географиялық ауқымын Қара теңіз өңірінен тыс кеңейткен. Сонымен қатар Өзбекстан 2025 жылдың наурызында Тұрақты хатшылықты бірлесіп қаржыландыру туралы келісімге қосылған.

Бас хатшы TRACECA Іскерлік кеңесін құру және TRACECA қорын іске қосу бағытында да нақты жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Оның айтуынша, қордың банктік шоты ашылып, басқарушы комитеті құрылып, құрылтай құжаттары дайындалған.

Сөз барысында ұйымды реформалау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, реформалау тұжырымдамасы TRACECA қызметінің тиімділігін арттыруға және ұйымды жаңа геосаяси әрі экономикалық жағдайларға бейімдеуге бағытталған.

Асет Асавбаев алты жыл ішінде 400-ден астам кездесу өткізілгенін, 6 келісім жобасы әзірленгенін айтты. Сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік, теңіз әкімшіліктері және ұшқышсыз ұшу аппараттарын реттеу мәселелері бойынша 100-ден астам сарапшы оқытылған.

Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының ұлттық жүк әуе компаниясын дамыту, сондай-ақ теңіз және теміржол тасымалдарын ұлғайту бойынша тапсырмаларын орындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.