Трамп 8 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет Қытайға барды

АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні кешке Қытайға мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі тілшісі.

Фото: SCMP

ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь АҚШ Президентінің ҚХР Төрағасына Америка делегациясының құрамына кірген корпорациялар басшылары үшін нарық ашу туралы өтініш беру жоспарына түсінік берді.

— Мемлекет басшысының дипломатиясы Қытай-АҚШ қарым-қатынасында маңызды стратегиялық және бағыттаушы рөл атқарады. Қытай жағы президент Трамптың Қытайға мемлекеттік сапарын құптайды, — деп атап өтті дипломат.

Оның айтуынша, сапар барысында екі ел басшылары екіжақты маңызды мәселелер, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен даму бойынша пікір алмасады.

— Қытай теңдік, өзара құрмет және тиімділік қағидасына сүйене отырып, ынтымақтастықты кеңейту, келіспеушіліктерді сындарлы түрде басқару және өзгерістер мен төңкерістерге толы әлемге тұрақтылық пен сенімділік әкелу үшін Америка Құрама Штаттарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын, — деп қосты Го Цзякунь.

АҚШ президенті 13-15 мамыр аралығында Қытайға мемлекеттік сапармен барады. Ақ үйге Boeing, Tesla, Apple, BlackRock, Mastercard, VISA және басқа да жетекші АҚШ корпорацияларының басшыларынан тұратын делегация еріп жүр.

Бұған дейін Қытай Трамптың Бейжіңге сапарын растаған болатын