Трамп Ақ үй аппаратының басшысы қызметіне Стивен Миллерді тағайындады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің көп жылдан бергі кеңесшісі Стивен Миллерді Ақ үй аппаратының жаңа басшысы етіп тағайындады. Ол бұл қызметте Сьюзан Уайлздың орнына келеді, деп хабарлайды BBC .

Фото: Getty Images

Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Сьюзан Уайлздың дүйсенбіден бастап президенттің саяси штабына ауысатынын мәлімдеді.

Бұған дейін Стивен Миллер Ақ үй аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған. Ол Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде де кеңесшісі болған.

2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге шабуыл жасалғаннан кейін көптеген шенеунік отставкаға кеткенімен, Миллер сол кездегі әкімшіліктің жұмысы аяқталғанға дейін қызметінде қалған.

Стивен Миллер иммиграцияны барынша қатаң шектеуді қолдайтын саясаткер ретінде танымал. Трамп оны өзінің ең сенімді кеңесшілерінің бірі деп атады.

Ақ үйдегі кадрлық өзгерістер Республикалық партияның аралық сайлаудағы жеңілісінен кейін жасалып отыр. Сайлау нәтижесінен соң президент әкімшілігінде бірқатар жоғары лауазымды тұлғаның қызметінен кетуі мүмкін екені талқыланған.

Атап айтқанда, қорғаныс министрі Пит Хегсет пен мемлекеттік хатшы Марко Рубионың қызметтен кетуі мүмкін деген болжамдар айтылған.

BBC-дің америкалық серіктесі CBS телеарнасының дереккөзіне сүйенсек, Сьюзан Уайлз отставкаға кету туралы өтінішін бейсенбі күні кешке берген.

– Трамптың командасында жұмыс істеу мен үшін өмірімдегі үлкен мәртебе болды. Менің рөлім өзгеруі мүмкін, бірақ президентке және оның миссиясына деген адалдығым ешқашан өзгермейді, – деді Сьюзан Уайлз.

69 жастағы Уайлз президентке жақын әрі ықпалды тұлғалардың бірі саналған.

Осы айдың басында журналистер Трамптан Ақ үй аппаратының басшысын ауыстыру мүмкіндігі туралы сұраған. Сол кезде президент мұндай өзгерістің ықтималдығын жоққа шығарған.

– Мұндай мүмкіндіктің ықтималдығы нөлге тең. Сьюзи осында және әлі ұзақ уақыт осында қалады, – деген еді Трамп.

Жыл басында Сьюзан Уайлзға қатерлі ісік диагнозы қойылған. Ал қыркүйекте ол ауруының ремиссия кезеңіне өткенін хабарлаған.

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Ақ үйдің заң мәселелері жөніндегі жаңа кеңесшісі қызметіне Уилл Шарфтың тағайындалатынын мәлімдеген болатын. Ол 1 қыркүйектен бастап қызметіне кіріскен.