Трамп әкімшілігі 175 000 АҚШ визасының күшін жойды

ВАШИНГТОН. KAZINFORM — Трамп әкімшілігі 18 айдың ішінде 175 000 визаның күшін жойды. Бұл Джо Байден Президент болған уақыттағы көрсеткіштен 4 есе көп.

Фото: kostivcardinal.com

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдеуінше, азаматтар көп жағдайда визасынан заң бұзғаны үшін айырылып жатыр. Ондай қылмыстар қатарына мас күйде көлік айдау, ұрлық, есірткі, жыныстық зорлық, балаларды ұрып-соғу мен алаяқтық жатады. 

— Президент Трамп пен мемлекеттік хатшы Рубионың төрағалығымен бұл үрдіс әлі де жалғасады. Шетелдік азаматтардың құжаттары қатаң бақылауда. АҚШ визасын алу — баршаға қолжетімді құқық емес, бәріне беріле бермейтін артықшылық. Мемлекет визаны теріс мақсатта пайдаланып жүргендерді әшкерелеу үшін қарқынды түрде жұмыс жүргізіп жатыр, — деп мәлімдеді сыртқы саяси ведомство.

АҚШ-тың Солтүстік Африкадағы елшілігі 100-ден аса визаның күшін жойды. Бұл визалар «турист ата-аналарға» тиесілі болған. Олар АҚШ-қа бала туып, азаматтық алу үшін келген.

Newsweek мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Байден әкімшілігі 40 мыңнан аса визаның жарамдылығын тоқтатқан. Бұл Трамп кезіндегі көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда аз. Трамп президенттігінің алғашқы жылында 100 мың виза жойылса, биыл тағы 75 мың виза жарамсыз деп танылды.

2017-2020 қаржылық жылдар аралығында АҚШ иммиграция және натурализация Қызметі (USCIS) 935 346 депортация оқиғасын тіркеді.
Байден билігі уақытындағы 2021-2024 қаржылық жылдары 545 252 депортация фактісі анықталған.

2025 қаржылық жылдың ICE деректері әлі жарияланған жоқ. Бірақ 2025 жылдың желтоқсанында АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі 605 мың адам депортацияланғанын хабарлады. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, АҚШ-тан тағы 18 өзбекстандық депортацияланды.

Айым Еркінбекқызы