Трамп әкімшілігі АҚШ азаматтығынан айыру тәртібін күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі иммиграциялық алаяқтық жасады деп айыпталған 17 адамның азаматтығын қайтарып алу ниетін жариялады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі CBS News -ке сілтеме жасап хабарлады.

Фото: kostivcardinal.com

Сарапшылар мұны АҚШ үкіметінің азаматтықтан айыру өкілеттігін қолданудағы ең ауқымды қадамдардың бірі деп бағалап отыр. Себебі бұл тетік бұрын өте сирек пайдаланылған.

АҚШ-тың федералдық заңнамасына сәйкес, азаматтық алу кезінде жалған мәлімет берген немесе маңызды ақпаратты жасырған адамдар азаматтықтан айырылуы мүмкін. Мәселен, иммиграциялық өтініш беру барысында қылмыстық әрекеттері туралы ақпаратты жасыру осындай негіздердің қатарына жатады.

Тарихи тұрғыдан алғанда бұл рәсім ұзақ әрі күрделі саналады. Сондықтан ол сирек қолданылған. Ресми деректерге сәйкес, 1990–2017 жылдар аралығында АҚШ Әділет министрлігі азаматтықтан айыру туралы талаппен жылына орта есеппен 11 ғана сот арызын берген.

Заң бойынша азаматтығынан айырылуы мүмкін адамдар үкімет шешіміне сот арқылы қарсылық білдіріп, өз мәртебесін сақтап қалуға құқылы.

Егер сот азаматтықтан айыру туралы шешім шығарса, адам бұрынғы иммиграциялық мәртебесіне қайта оралады. Сонымен бірге АҚШ азаматтығына берілетін барлық құқықтық кепілдіктерден, соның ішінде депортациядан қорғану құқығынан айырылады.

Бұған дейін АҚШ-та грин-картаға өтініш беру тәртібіне өзгеріс енгізілгені хабарланған болатын.