Трамп әкімшілігі «Америка дауысының» жүздеген қызметкерін жұмыстан шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Бейсенбі күні Трамп әкімшілігі «Америка дауысының» 600-ге жуық қызметкерін жұмыстан шығарды, деп хабарлайды The New York Times.
Жұмыстан журналистермен қоса кейбір әкімшілік қызметкерлері де босатылды. Бұл АҚШ билігі «радикалды Америка дауысы» деп атап кеткен «Voice of America» қызметкерлерінің үштен бірі.
Қызметкерлер Трамп әкімшілігі медиа ұйым орналасқан Вашингтондағы федералды ғимаратты сатылымға қойғаннан кейін босатылды.
Бейсенбі күні жұмыстан шығарылған тілшілердің кейбірі шетелден келген, олар маусым айының соңына қарай Құрама Штаттардан кетуге мәжбүр болады, өйткені олардың иммиграциялық мәртебесі жаңалықтар ұйымындағы жұмысына байланысты еді.
«Америка дауысын» қадағалайтын АҚШ Жаһандық медиа агенттігінің (USAGM) аға кеңесшісі Кари Лейктің мәлімдеуінше, Трамп әкімшілігі өзінің заңды өкілеттігі шегінде әрекет еткен.
- Біз әкімшіліктің басымдықтарын қанағаттандыру үшін агенттікті оңтайландыру және федералды бюрократияны азайту процесіндеміз. Біз USAGM-ді қысқартуды жалғастырып, көне динозаврды еңбекқор америкалықтарды қаржыландыруға лайықты нәрсеге айналдырамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасады, - деді Кари Лейк.
Дональд Трамп басылымды «антиамерикалық» және партиялық «насихат» таратады деп айыптады.
Бұрынырақ Лейк жаһандық медиа жөніндегі АҚШ агенттігі мен оның редакциялары ешқандай дәлел келтірместен «қаржыны шашу, алаяқтық пен асыра сілтеу» арқылы дамып келеді леп мәлімдеген болатын.
1942 жылы негізі қаланған «Америка дауысы» 15 наурызда Трамп қол қойған жарлықтан кейін жұмысын тоқтатты. Оның жаңалықтар бағдарламалары соттың сәуір айындағы шешімімен кейін жарым-жартылай қалпына келтірілді, бұл Трамп әкімшілігіне агенттік пен ол қадағалайтын басқа редакцияларды таратуға кедергі болды.
Наурыз айында «Америка дауысы» мен «Азаттық радиосының» қызметкерлері демалысқа жіберілді, ал қызметкерлері мен олардың кәсіподақтары жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіне қарсы сотқа шағым түсірді.