Трамп әкімшілігі Гарвардтан шетелдік студенттерді қабылдау құқығын алып қоймақ

Фото: Cover: Canva / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі университеттен 30 сәуірге дейін Гарвардта визамен оқитын студенттердің «заңсыздықтары мен зорлық-зомбылық әрекеттері» туралы бүге-шігесіне дейін түсірілген «жазбаларды» жеткізуді талап етті, деп жазды BBC.

Олай болмаған жағдайда Гарвард шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылады.

Гарвард өкілдері CNN-ге өздеріне қойылған талап туралы білетіндерін, дегенмен осыған дейінгі ұстанымдарында екенін жеткізген, яғни университет өзінің тәуелсіздігін құрбандыққа шалып, конституциялық құқықтарынан бас тартпайды.

АҚШ-та білім алғысы келетін шетелдіктер F немесе M санатындағы визаны алуы керек. Студенттер мен алмастыру бағдарламасының қатысушыларын (SEVP) қабылдауға сертификат алған оқу орындары ғана визаға қажетті құжаттарды бере алады.

Ішкі қауіпсіздік министрлігі SEVP бағдарламасын бақылайды және ол оқу орнының сертификатын алып қоя алады.

2024-2025 оқу жылында Гарвардта 6793 шетелдік студент білім алған. Бұл білім алып жатқандардың 27% ғана және ол 2006 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Студенттік Harvard Crimson басылымының мәліметтерінше, университет Дональд Трамп әкімшілігімен жанжалдасқалы тек 12 студент пен жақында ғана оқу бітірген түлектің визасы қайтарылды.

Осыған дейін біз АҚШ Гарвард-қа бөлінетін 2,2 миллиард доллар мемлекеттік қаржыландыруды тоқтататыны туралы жаздық.