Трамп АҚШ әскеріне йемендік көтерілісші хуситтерге қарсы әрекетті бастауды тапсырды

Фото: twitter.com/CENTCOM

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық Қарулы Күштерге йемендік көтерілісші хусиеттерге қарсы қуатты соққы беруді тапсырды, деп хабарлайды ВВС.

Мен бүгін АҚШ Қарулы Күштеріне йемендік террорист хуситтерге сенімді де қуатты әрекет етуге бұйрық бердім, - деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

АҚШ президенті бұл шешімін хуситтердің америкалық және өзге де кемелерді, ұшақтар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттарды атқылауды тоқтатпай жатқанымен түсіндірді.

- Тррорист хуситтерге айтарым, уақыттарың келді, шабуылдарды бүгіннен бастап тоқтатуларың керек. Олай болмаған жағдайда сендерді өздерің бұрын-соңды көрмеген тозақ күтіп тұр, - деп жазды АҚШ президенті.

- Біздің ержүрек әскерлеріміз америкалық теңіз, әскери-теңіз активтерін қорғап, кемелердің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін тап қазір террористер, олардың көшбасшылары мен зымыранға қарсы жүйелеріне әуеден соққы беріп жатыр, - деді.

Ол сонымен қатар Иранды хуситтерге қолдау көрсетуді тоқтатуға шақырды.

- АҚШ пен оның халқына, қоқан-лоқы жасауды тоқтатыңдар. Егер сіздер бұл әрекетті тоқтатпасаңыздар, ол үшін жауап беретін боласыздар, -деп ескертті Трамп.

Осыған дейін хуситтердің Қызыл теңізде АҚШ танкері Madoға шабуыл жасағаны туралы жаздық.

Сондай-ақ БҰҰ өз қызметкерлерінің хуситтер қолына түсуіне байланысты Йемендегі кейбір операцияларын тоқтатқаны туралы жаздық.