Трамп АҚШ болат импортына баж салығын 25%-дан 50%-ға дейін екі есе арттыратынын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Пенсильвания штатындағы болат зауытында сөйлеген сөзінде бұл қадам жергілікті болат өнеркәсібі мен ұлттық өндірісті ынталандыруға көмектесетінін, сонымен қатар Қытайға тәуелділікті азайтатынын айтты, деп хабарлайды BBC.
Дональд Трамп сондай-ақ болат өндіру саласына 14 миллиард доллар инвестиция салынатынын мәлімдеді. Бұл инвестиция US Steel компаниясы мен жапондық Nippon Steel арасындағы серіктестік арқылы жүзеге асады.
— Қызметкерлерді қысқарту да, шетелге тапсыру (аутсорсинг) да болмайды, әрбір америкалық болатшы жақында 5 мың доллар көлемінде лайықты сыйақы алады, — деді Трамп болатшылардың қуанышты қошеметімен.
Ол сөзінің көп бөлігін Питтсбург қаласында орналасқан АҚШ-тың ең ірі болат өндірушісі — US Steel компаниясын қалай «құтқарғаны» жайында айтты. Бұл туралы ол 2018 жылы өзінің алғашқы президенттік мерзімі кезінде енгізген 25 пайыздық болат салығы аясында сөз қозғады.
Болатқа салынатын баж салығының ұлғайтылатыны туралы мәлімдеме Трамптың кейбір жаһандық баж салығының заңдылығына қатысты сот процесі жүріп жатқан тұста жасалды. Апелляциялық сот бұл баждарды әзірге күшінде қалдыруға рұқсат берді. Бұл сот ісі болат пен алюминийге қатысты импорттық салықтарға әсер етпейді.
Айта кетелік Федералды апелляциялық сот Трамп тарифтерінің әрекет етуіне мүмкіндік берді.