Трамп АҚШ энергетика министрі қызметіне Liberty Energy мұнай компаниясының басшысын ұсынбақ
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп елдің энергетика министрі қызметіне Liberty Energy мұнай компаниясының басшысы Крис Райттың кандидатурасын ұсынбақ, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
– Крис – энергетика саласындағы жетекші технолог әрі кәсіпкер. Ол ядролық, күн, геотермалдық және мұнай-газ энергетикасында жұмыс істеді, - деді сайланған президенттің өтпелі тобы сенбіде жасаған мәлімдемесінде.
Құжатта Райттың Трамп жұма күні жариялаған Ұлттық энергетикалық кеңеске де қосылатыны айтылған. Бұл кеңесті Солтүстік Дакота губернаторы Дуглас Бергум басқаратын болады, ол бұған дейін Ішкі істер министрлігінің басшысы лауазымына ұсынылған.
Америкалық БАҚ атап өткендей, Райт Трамп сияқты мұнай өндіруді арттыруды жақтайды және қазбалы отынды пайдалану қажеттігіне сенімді.
«Әлем мұнай мен газда өмір сүреді және бізге олар қажет», - деді ол 2023 жылы CNBC-ге берген сұхбатында.
Райт Трампқа климаттың өзгеруіне қарсы күресте жаһандық ынтымақтастықтан бас тартуда қолдау көрсетеді деп күтілуде, өйткені Liberty Energy басшысы парниктік газдар шығарындылары планетаның температурасын көтеріп, табиғи апаттар туғызатынына сенбейді.
Энергетика министрі лауазымын қазіргі уақытта Дженнифер Гранхолм атқарады. АҚШ-тың Энергетика министрлігі елдің ядролық әскери кешеніне жауапты.