Трамп: АҚШ Иранның уран байыту нысандарын толықтай жойды
ВАШИНГТОН. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскердің Иранның үш ядролық нысанына сәтті соққы жасағаннан кейін халыққа үндеу жолдады, деп жазды Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ақ үй басшысы Құрама Штаттардың Қарулы күштері Иран режимінің үш маңызды ядролық нысанына — Фордо, Натанз және Исфаханға дәлдікпен, ауқымды соққылар жасағанын хабарлады.
— Біздің мақсатымыз — Иранның уран байыту инфрақұрылымын жою және бүкіл әлемге ядролық қауіп төндіріп отырған, терроризмнің басты демеушісі саналатын мемлекеттен бұл қауіптің көзін құрту. Бүгін бүкіл әлемге айта аламын: бұл соққылар — айрықша әскери жетістік, — деді Дональд Трамп.
Президенттің айтуынша, Иранның негізгі ядролық нысандары толықтай жойылған.
— Енді Иран бейбіт келісімге келуі керек. Егер ондай шешім қабылданбаса, келесі шабуылдар одан да ауқымды болады, — деп ескертті Трамп.
Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды жеке атап өтіп, онымен бір команда ретінде жұмыс істегенін және Израильге төнген қауіпті жою үшін бірге әрекет еткенін жеткізді.
Президент сондай-ақ әскери операцияға қатысқан америкалық жауынгерлерді құттықтап, оларға алғысын білдірді. Ол бұл операцияның соңғы ондаған жылда әлемде болмаған ауқымда өткенін атап өтті.
— Бізге бұл әскердің қызметі бұдан былай қажет болмайды деп үміттенемін. Немесе бейбітшілік орнайды, немесе Иран соңғы сегіз күнде көргенінен де қорқынышты трагедиямен бетпе-бет келеді, — деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар, Трамп Иран аумағында әлі де көптеген әскери нысан бар екенін еске салды.
— Егер бейбітшілік жақын арада орнамаса, біз бұл нысандарды бірнеше минутта жойып жібереміз, — деп ескертті ол.
Дональд Трамп Құрама Штаттардың жасағанын әлемнің бірде-бір армиясы істей алмас еді деп түйіндеді.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасағаны хабарланған болатын.