Трамп АҚШ-та ЖИ атауы «суперинтеллект» деп өзгертілгенін жария етті

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп бұдан былай жасанды интеллект АҚШ құжаттарында «суперинтеллект» деп аталатынын мәлімдеді. Ол бұл мәлімдемені Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясында айтты, деп хабарлайды Kazinform АР агенттігіне сілтеме жасай отырып.

Фото: AiFA Labs

Трамптың айтуынша, «жасанды» сөзін қолдану ол нақты интеллект емес секілді әсер қалдырады және технология туралы бұрыс көзқарас тудырады. Сондықтан Америка президенті АҚШ-та жасанды интеллект «суперинтеллект» деп аталатынын жариялап, басқа елдерді де соған еліктеуге шақырды.

— Енді барлық АҚШ құжаттарында және бүкіл әлемдегі құжаттарда да «жасанды» сөзі әлдеқайда дәл «супер» терминімен ауыстырылады деп үміттенемін. Басқаша айтқанда, суперинтеллекттің жаңа әлеміне — SI әлеміне қош келдіңіздер. Бұл сөз өміршең бола ма, көре жатармыз. Құлаққа жағымды естіледі. Бұл әлдеқайда жақсы және әлдеқайда дәл атау, — деді Ақ үй басшысы.

Трамп сонымен қатар АҚШ суперинтеллекттің дамуын шектегісі келмейтінін, керісінше оған қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Ол сондай-ақ Құрама Штаттар ЖИ-дің дамуын жіті қадағалайтынын, қажет болған жағдайда «Әділет министрлігі мен АҚШ-тың басқа да құқық қорғау органдары бақылауға алуға дайын» екенін атап өтті.

Дональд Трамп осы аптада Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен көптен күткен кездесу алдында осындай мәлімдеме жасап отыр. Осы кездесуде тараптар жасанды интеллект мәселелері талқыланады деп күтіліп отыр.

АҚШ президенті Си Цзиньпиннің құрметіне мемлекеттік кешкі ас ұйымдастыруды жоспарлап отыр, оған Nvidia, OpenAI және Apple сияқты технологиялық компаниялардың басшылары қатыспақ.

Еске сала кетейік, Трамп бұған дейін 2019 жылы құрған Ғарыш күштеріне ұқсас жасанды интеллект күштерін құратынын жариялаған.