Трамп АҚШ-тағы сирек жер металдарын өндіруге инвестиция салады

Фото: vamosarema.com

АСТАНА. KAZINFORM — Трамп әкімшілігі Қытайдың ықпалын әлсірету үшін АҚШ-та маңызды пайдалы қазбалар өнеркәсібін құруға күш салып отыр, деп хабарлайды ABC News. 

Федералды үкімет сирек жер металдары өнеркәсібін жандандыру үшін америкалық компанияларға жүздеген миллион доллар құйып жатыр, бұл сауда соғысы кезінде Бейжің АҚШ-ты келіссөз үстеліне отыруға мәжбүрлегеннен кейін қажет болды. 

«USA Rare Earth» компаниясының бас директоры Джошуа Баллард келесі жылы Оклахомада 600 тоннаға жуық сирек жер магниттері өндірісін бастауды жоспарлап отыр.

Пентагон Техас штатындағы Форт-Уэрт қаласында магнит зауытын салып жатқан сирек жер металдарын өндіруші MP Materials компаниясына 400 млн доллар инвестициялайды.

Америкалық «NioCorp» компаниясының бас директоры Марк Смит Небраска штатында ниобий, титан, скандий және сирек жер металдарын өндіру үшін 1,2 млрд доллар тартуға тырысып отыр. «NioCorp» осы жазда барлау бұрғылау үшін Пентагоннан шамамен 10 млн доллар алды.

Қазір Техаста (Остиннен оңтүстікке қарай) жылына 2000 тонна магнит шығару үшін өндірісті ұлғайтып жатқан Америкадағы жалғыз сирек жер магниттерін шығаратын «Noveon Magnetics» компаниясының зауыты орналасқан. 

Алайда, «Benchmark Mineral Intelligence» сарапшыларының бағалауынша, алдағы бірнеше жылға жоспарланған жаңа өндірістің өзінде америкалық компаниялар Солтүстік Американың магниттерге деген жылына шамамен 35 мың тонна сұранысын қанағаттандырудан әлі де алыс. Ал алдағы онжылдықта сұраныс екі есе артуы мүмкін.

Биылғы негізгі салықтар мен шығындарды қысқарту туралы заң жобасы АҚШ-тың маңызды пайдалы қазбалар қорын толықтыру үшін Пентагонға 2 млрд доллар және 2029 жылға дейін осы жеткізу тізбегіне инвестиция салу үшін тағы 5 млрд доллар беруді қарастырып отыр.

Пентагонның мәліметінше, 2020-2024 жылдар аралығында ел ішінде сирек жер металдарын жеткізу желілерін құруға 439 млн доллардан астам қаржы бөлінген.

Бұған дейін Қытай 12 тамыздан бастап АҚШ-тан импортталатын тауарларға қосымша 24 пайыздық баж салығын тоқтата тұруды 90 күнге ұзарту туралы шешім қабылдағанын жазған болатынбыз.