Трамп: АҚШ тарифтерден күніне 2 миллиард доллар табыс тауып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Америка Құрама Штаттары енгізген тарифтер елге күн сайын шамамен 2 миллиард доллар табыс әкеледі. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде мәлімдеді, деп жазады Анадолы.
Трамп 2 сәуірде енгізілген тарифтерге түсініктеме беріп, оларды «өзара сауда келісімдері» деп атады.
Оның айтуынша, бұл шаралар өз тиімділігін дәлелдеген.
– Біз тамаша нәтижелерге қол жеткіздік, бізге күн сайын шамамен 2 миллиард доллар түсуде, – деді президент.
Америка басшысы жаңа шарттарға байланысты шетелдік серіктестермен келіссөздер жанданғанын да хабарлады.
– Қазір жапондық делегация бізге келісім жасау үшін ұшып келеді, Оңтүстік Корея да келісімге келуге ұмтылуда, басқа елдер де осы жолға бет бұрды, – деп қосты ол.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт тарифтер жарияланғаннан бері 70-ке жуық елдің келіссөздерді бастау туралы ұсыныстарымен Трампқа жүгінгенін айтты.
Левитт сонымен қатар Трамптың Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан әрбір елмен жеке сауда келісімдерін әзірлеуге бұйрық бергенін де атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп тарифтерге байланысты 500 миллион доллар жоғалтқанын жазған едік.
Bloomberg мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа кедендік баж салығын енгізетінін жариялағаннан кейін бір күнде ғаламшардағы ең бай 500 адамның жалпы байлығы 208 млрд долларға қысқарды.