Трамп Аляскада мыс пен мырыш өндірісін ұлғайтуды мақұлдады

Фото: themilepost.com

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп мыс, кобальт, алтын және басқа да пайдалы қазбаларды өндірісін қамтамасыз ету үшін Аляскадағы қу дала арқылы өтетін 211 миль жол құрылысын мақұлдауға бұйрық берді, деп хабарлайды ABC News

— Аляска штатындағы Фэрбенкс қаласынан солтүстікке қарай қиыршық тас жол және пайдалы қазбаларды өндіру жобасы біздің елімізге баяғыдан-ақ миллиардтаған доллар әкеліп, бізді мол энергия мен минералдармен қамтамасыз етуі керек еді, — деді Дональд Трамп.

Жобаны қолдаушылар, оның ішінде Алясканың Конгрестегі делегациясы бұл жол құны 7 млрд доллардан асатын ірі мыс кен орнына жету үшін қажет екенін мәлімдеді. Мыс автомобиль, электроника, тіпті жел турбиналары сияқты жаңартылатын энергия технологияларын өндіруде қолданылады.

Эмблер жолы құрылысының жобасы Трамптың бірінші әкімшілігі кезінде мақұлданды, бірақ кейінірек жобаның карибу (бұғы тектілер) мен басқа жабайы жануарларға қауіп төндіретіні, сондай-ақ Аляскада аңшылық мен балықшылықпен айналысатын байырғы тайпаларына зиян тигізетіні анықталғаннан кейін Байден әкімшілігі оны бұғаттап тастады.

Құрылысқа қарсы шыққандар, соның ішінде федералды деңгейде мойындалған 40 тайпадан тұратын консорциум жол құрылысы дәстүрлі өмір салтына қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдап отыр, өйткені бұл жерлерде ақсерке мен бұғылар мекендейді. 

Ұзақтығы шамамен 42 шақырым болатын екі жолақты қиыршық тас жол Гейтс-оф-Арктик ұлттық паркі мен қорығы арқылы өтеді, сол үшін федералды үкіметтің рұқсаты қажет. Жол сондай-ақ болашақ кен орнына жеткенше 11 өзен мен мыңдаған бұлақты кесіп өтеді.

Трамп бұйрығында АҚШ-тың ішкі ресурстарға деген қажеттілігін ескере отырып ұсынылған жолдың қоғам мүддесі үшін қажет екені және экономикалық тұрғыдан мүмкін болатын балама жолдың жоқтығы айтылған. 

Шешім федералды жер ресурстарын басқару бюросына, Ұлттық саябақ қызметіне және АҚШ армиясының Инженерлік корпусына жол құрылысына қажетті рұқсаттарды қайта беруге нұсқау беріп отыр. 

Бұған дейін Трамп АҚШ-тағы сирек жер металдарын өндіруге инвестиция салатынын хабарлаған болатынбыз.