Трамп БАӘ-ге барды

Фото: Фото: видеодан алынды/skynewsarabia.com

АСТАНА.KAZINFORM  - Абу-Дабидегі келіссөздерде АҚШ пен БАӘ арасындағы жасанды интеллект пен озық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланады, деп хабарлайды ТАСС.

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыс сапарының соңында Біріккен Араб Әмірліктеріне келді. Президенттің Air Force One ұшағы Абу-Даби халықаралық әуежайына қонды, деп хабарлайды Sky News Arabia.

Трамп Қатардағы қысқа сапарын АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең ірі әскери қондырғысы Әл-Удейд әуе базасында америкалық әскерлер алдында сөйлеген сөзімен аяқтады. Абу-Дабидегі келіссөздерде жасанды интеллект пен озық технологиялар саласындағы АҚШ пен БАӘ ынтымақтастығы талқыланбақшы.

Трамптың Парсы шығанағы елдеріне сапары үш күнге созылды және ірі экономикалық келісім жасалды. Олардың арасында АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы келісімдер мен инвестициялық міндеттемелердің 600 миллиард долларлық пакеті, сондай-ақ Qatar Airways-ке 210 кең фюзеляжды Boeing ұшағын жеткізу туралы келісімшарт бар. АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы келісімдер, корольдікке 142 миллиард долларлық америкалық қару-жарақ жеткізуді қарастырады. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең үлкен қорғаныс келісіміне айналды.

Трамп Абу-Дабиге сапары барысында БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахайянмен және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездеседі. БАӘ жасанды интеллект саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болуға ниетті және АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің қолдауына сенеді.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден Вашингтон мен Бейжің арасындағы шиеленістің күшеюіне байланысты заманауи деректер орталықтарында қолданылатын озық чиптерді экспорттауға шектеуді күшейткен болатын.

Айта кетейік, Трамп 2028 жылғы президент сайлауына қатысуы мүмкін.

Kazinform үшін арнайы ТАСС серіктестік агенттігі ұсынған.