Трамп Чикаго қаласына 300 сарбазды жіберу туралы бұйрық берді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамп Иллинойс штатының Чикаго қаласына 300 ұлттық гвардия сарбазын жіберуге санкция берді. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
Ақ үйдің өкілі Эбигейл Джексонның айтуынша, бұл шешім федералдық қызметкерлер мен мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
ICE қызметіне қарсы наразылық
Трамптың биыл ақпанда Ақ үйге қайта оралуынан кейін АҚШ-тағы миграциялық саясат қатайтылған болатын. Маусым айында Сан-Францискода ICE қызметі жүргізген рейдтер жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге ұласқан.
Осыған жауап ретінде Трамп Калифорнияға жүздеген ұлттық гвардия сарбазын және теңіз жаяу әскерлерін жіберген, бұл шешімге штат билігі қарсы шыққан еді.
Мұндай акциялар Нью-Йорк, Остин және Даллас қалаларында да өтті. Нью-Йорктегі демонстрациялар кезінде «Оларды қайтарыңдар!» ұранымен Trump Tower ғимаратында митинг ұйымдастырылған.
Бұған дейін Трамптың шешімімен Лос-Анджелес пен Вашингтон қалаларында да ұлттық гвардия күштері жұмылдырылған болатын.