Трамп Еуропаға барлық тауарға 100 пайыздық баж салығын енгізетінін ескертті

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық цифрлық қызметтерге салық енгізетін кез келген елдің АҚШ-қа экспорттайтын барлық тауарына 100 пайыздық кедендік баж салығы салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.

Фото: BBC

Жұма күні АҚШ президенті экономикасы барған сайын америкалық компаниялар басымдыққа ие цифрлық секторға тәуелді болып келе жатқан Еуропа елдерінің мұндай салықты енгізуді талқылап жатқанын сынға алды.

– Бұл мәлімдеме ескерту болсын: осындай салықты енгізетін кез келген ел Америка Құрама Штаттарына жеткізілетін барлық тауарына ешқандай ерекшеліксіз 100 пайыздық баж салығына тап болады, – деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Ол жаңа баж салығы бұрын жасалған кез келген сауда келісімдерінен басым болатынын айтты. АҚШ президенті мұндай тариф осындай салық енгізуге әрекеттенетін кез келген мемлекетке қатысты қолданылатынын, бірақ бұл ретте Еуропа елдерін ерекше атап өтті.

Дональд Трамп америкалық технологиялық алпауыт компанияларға халықаралық деңгейде салық салу немесе олардың қызметін реттеу бастамаларына үнемі қарсы болып келеді. Өткен жылы ол мұндай салықтар мен реттеу шаралары «америкалық технологияларға зиян келтіру мен оларды кемсітуге ғана бағытталғанын» мәлімдеген еді.

Бұл ескерту Трамп белгілеген 4 шілде мерзіміне аз уақыт қалғанда жасалды. Сол күні Еуроодақ пен АҚШ Еуроодақтан экспортталатын тауарлардың басым бөлігіне салынатын баж салығын 15 пайыз деңгейінде шектейтін сауда келісімін іске асыруды бастауы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Сенаты Трамптың Иранға қатысты әскери өкілеттіктерін шектеуді көздейтін қарарды қабылдамай тастағаны хабарланды.

Сондай-ақ АҚШ Сенаты Иранмен соғысты тоқтату туралы қарар қабылдады.