Трамп федералды мекемелерге Anthropic технологиясын қолдануына тыйым салды

Фото: Report

АСТАНА. KAZINFORM — Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп барлық федералды ведомстволарға Anthropic компаниясының технологиясын қолдануды дереу тоқтатуды тапсырғанын айтты. Ақ үй басшысы бұл туралы Тruth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Report.

Ол компанияның өнімдерін пайдаланатын қорғаныс министрлігі сияқты құрылымдар үшін 6 айлық өтпелі кезең қарастырылатынын жеткізді.

— Мен АҚШ үкіметінің әрбір федералды кеңсесіне Anthropic технологиясын пайдалануды дереу тоқтатуды тапсырамын. Бізге бұл қажет емес, біз оны қаламаймыз және олармен бұдан былай жұмыс істемейміз, — деп жазды Трамп. 

Пентагон мен Anthropic арасында келіспеушілік туындады. Осы кезде АҚШ президенті бұйрық беріп, әскерилердің соғыс жағдайында жасанды интеллектіні пайдалану мәселесіне қатысты алаңдаушылықты тағы да көтерді.

Айта кетейік, JPMorgan Chase банкі алғаш рет 2021 жылғы 6 қаңтардағы Капитолий маңындағы оқиғадан кейін Дональд Трамп пен оның компанияларының банк шоттарын жапқанын ресми түрде растады.