Трамп федералдық мемлекеттік қызметкерлер санын 12%-ға қысқартты

Фото: Anadolu Ajansı

АСТАНА. KAZINFORM - Дональд Трамп әкімшілігі мен Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру департаменті (DOGE) жүргізген шаралардың нәтижесінде 2024 жылдан бері федералдық үкімет құрылымында 277 мыңнан астам қызмет орны қысқартылды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондегі меншікті тілшісі FOX Business-ке сілтеме жасап хабарлады.

АҚШ Персоналды басқару басқармасы (OPM) мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың қаңтары аралығында азаматтық мемлекеттік қызметкерлер саны 12%-ға азайып, 2 313 216 адамнан 2 035 344 адамға дейін төмендеген.

Хабарламада айтылғандай, осы кезеңде жұмыстан босаған қызметкерлердің басым бөлігі қызметінен өз еркімен кеткен, яғни қысқарту мәжбүрлі түрде жүргізілмеген.

Дональд Трамп әкімшілігі мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту нәтижесінде бюджеттен миллиардтаған доллар үнемделгенін мәлімдеді. Сонымен қатар президенттің саясаты жеке секторда жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп жатқаны айтылды.

— Президент Трамп кезеңінде құрылған барлық жаңа жұмыс орындары жеке секторда пайда болды. Ал федералдық үкіметтегі жұмыспен қамту деңгейі 1966 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке түсті. Бұл салық төлеушілерге жыл сайын шамамен 29 млрд доллар үнемдеуге мүмкіндік береді, — деді Ақ үйдің аймақтық баспасөз хатшысы Лиз Хьюстон.

Дональд Трамп Ақ үйдегі алғашқы жұмыс күнінде Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру департаментін (DOGE) уақытша құрылым ретінде құру туралы жарлыққа қол қойған. Бұл органның қызмет мерзімі 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін белгіленген.

Жарлыққа сәйкес жаңа қызметкерлерді қабылдауға уақытша мораторий енгізіліп, жаңа кадрларды жалдау жоспары бекітілген. Ол бойынша мемлекеттік мекемелер жұмыстан кеткен әр төрт қызметкердің орнына тек бір жаңа қызметкер қабылдай алады.

Бұған дейін АҚШ экономикасы 2026 жылдың ақпан айында 92 мың жұмыс орнын жоғалтқаны хабарланған.

Ал қыркүйекте АҚШ 32 мың жұмыс орнын қысқартты.