Трамп Fox News-ке берген сұхбатында Зеленскийдің «жақсылықты білмейтінін» айтты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News-ке берген сұхбатында Украина басшысы Владимир Зеленский «істеген жақсылықты бағаламайтынын» қайталады, деп хабарлайды Fox News.
— Ол ақылды әрі қатыгез жігіт. Байденнің тұсында бұл елден ақшаны сәбиден кәмпит алғандай алды, — деді Дональд Трамп Зеленский туралы.
Трамп АҚШ-тың Украинаға 350 млрд доллар, бұл ретте Еуропаның 100 млрд доллар бергенін атап өтті.
АҚШ президенті Зеленскийдің сирек жер элементтері бойынша АҚШ-пен келісім жасайтынына үміттенетінін атап өтті.
«Sunday Morning Futures» бағдарламасының жүргізушісі Мария Бартиромо АҚШ президентінен оның Ресейге саяси қысымды азайтты деп мәлімдеген сыншылар туралы сұрады.
— Ресейге қаталдық танытқандар арасында Дональд Трамптан асқан адам жоқ. Есіңізде болса, «Солтүстік ағын-2» құбырын тоқтатқан мен едім, — деді АҚШ президенті.
«Украинаның аман қалмауы мүмкін бе?» деген сұраққа Трамп: «Ол кез келген жағдайда аман қалмауы мүмкін» деп жауап берді.
Жүргізуші президент жанжалда Ресей тарапын таңдады дейтін сынаушыларға не айтарын сұрады. Трамп бұл сұраққа тікелей жауап беруден бас тартып, оның орнына «Ресейге Дональд Трамптан асқан ешкім қатал болған емес. Ешкім. Және олар мұны біледі» деген сөздерін қайталады.
Сонымен бірге Трамп Ресейге салынған санкцияларға қарамастан Путинмен, Ким Чен Ынмен және Төраға Си Цзиньпинмен жақсы қатынаста екенін атап өтті.
Трамп пен Зеленский не туралы сөйлескенін мына материалдан оқи аласыз.