Трамп Газа секторы бойынша бейбіт келісімнің екінші кезеңі басталғанын мәлімдеді

Фото: Anadolu Ajansi

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы жағдайды реттеу бойынша бейбіт жоспардың екінші кезеңінің басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Трамп кепілдегі 20 адамның барлығы қайтарылғанын, алайда мерт болғандардың денелері әлі Газада екенін жеткізді.

-Екінші кезең қазір басталады,-деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, палестиналық ХАМАС қозғалысы делдалдарға Израильдің кепілде болған төрт азаматының денесін сейсенбі күні кешкісін беретінін хабарлаған.

Осыған дейін ХАМАС кепілдегі 20 тірі азаматты және төрт мәйітті қайтарды. Алайда әлі кепілде болған 24 адамның денесі қайтарылмаған.

Айта кетейік, кеше Шарм-эш-Шейх қаласында Газа секторындағы атысты тоқтату және кепілдегі барлық Израиль азаматтарын босату мәселесіне арналған «Бейбітшілік саммиті» өтті.

Отырыстың қорытындысы бойынша Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси, Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әль Тани, АҚШ президенті Дональд Трамп және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Газа секторында атысты тоқтату жөніндегі түпкілікті келісімге қол қойды.

Саммит қатысушылары қақтығысты реттеу бойынша Трамп ұсынған жоспардың келесі кезеңдерін жүзеге асыруға шақырды.

БҰҰ өкілдері де қақтығыс тараптарын атысты тоқтату режимі бойынша белгіленген шарттарды қатаң сақтауға үндеді.