Трамп Google-ға салынған айыппұлға байланысты Еуроодаққа қоқан-лоқы жасады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропалық комиссияның америкалық технологиялық алпауыт Google компаниясына салған 890 млн еуро көлеміндегі рекордтық айыппұлына байланысты Еуроодақты қатаң сынға алды, деп хабарлайды BILD .

Фото: BILD

Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Еуроодақтың әрекетін «заңсыз әрі әдепке қайшы» деп бағалап, бұған жауап ретінде ЕО-ға қатысты елеулі кедендік тарифтер енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Еуропалық комиссия Google-ды интернеттегі бәсекелестікті шектеді деп айыптап отыр. Реттеушінің мәліметінше, компания іздеу нәтижелерінде өз сервистеріне басымдық берген. Сондай-ақ Android қосымшаларын әзірлеушілердің пайдаланушыларды балама төлем тәсілдері мен қолданбалар дүкендеріне бағыттауына кедергі келтірген.

Google тағылған айыптарды жоққа шығарып, Брюссель талаптары іздеу жүйесінің сапасын төмендетіп, Play Store дүкеніндегі қауіпсіздік тетіктерін әлсірететінін мәлімдеді. Компания бұл шешімге шағым түсіру мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.

Бұл Google-ға салынған алғашқы айыппұл емес. Соңғы шешімді қоса есептегенде, Еуроодақтың компанияға салған монополияға қарсы айыппұлдарының жалпы көлемі 10,38 млрд еуроға жетті. 

Айта кетелік ЕО Google-ға 890 млн еуро айыппұл салған еді