- ХАМАС-қа айтыңыздар, кепілдегі барлық 20 адамды дереу босатсын, сонда бәрі тез өзгереді. Осының бәрі тоқтайды! - деп жазды АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алайда ол кепілдегі адамдар босатылса қандай өзгерістер болатынын нақтыламады. Шамасы ол Газа секторындағы атысты тоқтату туралы айтқан болуы керек.
Айта кетейік, 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС жақтастарының Газа секторынан Израиль аумағына кіргенінен соң Таяу Шығыстағы жағдай күрт шиеленісті. Өйткені ол кезде ХАМАС жақтастары Газа мен Израильдің шекаралас аумағындағы елді мекен тұрғындарын өлтіріп, 250-ден астам адамды кепілге алған болатын.
Бұған жауап ретінде Израиль ХАМАС-тың әскери және саяси құрылымдарын жою және ұрланған адамдарды қайтару үшін анклавта әскери операция бастады.
Газаның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтерінше, әскери әрекеттердің салдарынан 63 мыңнан астам палестиналық мерт болды, 161 мыңнан астам адам жарақат алды. Сонымен қатар 367 жергілікті тұрғын, соның ішінде 131 сәби аштықтан өлді.
Осыған дейін Газа секторында үшінші жыл қатарынан 660 мың бала мектепке бара алмай жүргені туралы жаздық.