Трамп Илон Масктен Иранда интернетті қалпына келтіруді сұрамақ

Скриншот с x.com / @RapidResponse47

АСТАНА.KAZINFORM - Иранда интернет 80 сағаттан бері өшірулі. Осыған байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп кәсіпкер Илон Маскпен интернетті қайта қосу мүмкіндігін талқыламақ. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

АҚШ президентінің айтуынша, әңгіме Starlink спутник интернетін пайдалану туралы болмақ. Reuters агенттігі хабарлағандай, Трамп бұл туралы жексенбі күні Вашингтонда журналистерге айтқан.

– Ол мұндай мәселелерді өте жақсы түсінеді, оның компаниясы да бар, – деді Трамп SpaceX компаниясымен ықтимал ынтымақтастық туралы сұраққа жауап бере отырып.

SpaceX ұсынатын Starlink спутниктік интернет қызметі бұған дейін де Иранда қолданылған. Илон Маск пен аталған компанияның өкілдері әзірге АҚШ президентінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірмеді.

Бейсенбіден бері Ираннан келетін ақпарат ағыны айтарлықтай шектелді. NetBlocks мониторингтік ұйымының деректеріне сәйкес, ел бойынша интернет-блэкаут 84 сағаттан астам уақытқа созылып отыр.

Маск бұған дейін де Иран тұрғындарына үкіметтік шектеулерді айналып өту үшін Starlink қызметін ұсынуды қолдаған. Атап айтқанда, ол 2022 жылғы наразылықтар кезінде осындай бастама көтерген. Сол кезде АҚШ әкімшілігі Маскпен спутниктік интернетті іске қосу жөнінде келіссөздер жүргізген болатын.

Ирандағы наразылықтардың толқыны 28 желтоқсанда бағаның күрт өсуіне байланысты басталып, кейін үкіметке қарсы сипат алды.

Құқық қорғау ұйымдарының бағалауынша, наразылықтар басталғалы бері жүздеген адам қаза тапқан. Алайда Иранның ресми билігі құрбандар саны жайлы деректерді жариялаған жоқ.

Дүйсенбі күні Иран билігі құрбандарды еске алу үшін үш күндік аза тұту жариялады.