— Олар келісім жасағысы келеді. Соңғы 24 сағатта біз өте жақсы келіссөздер жүргіздік және келісімге келуіміз әбден мүмкін, — деді ол журналистерге.
Трамптың айтуынша, Иран ядролық қаруға ие болмауға келісім берген және басқа да шарттарды қабылдаған.
Алайда Иран тарапы бұл мәлімдемені растамады.
АҚШ президенті америкалық БАҚ жазған 30 күндік келісімге келу мерзімі қатаң емес екенін де атап өтті. Журналистердің сұрағына жауап берген ол «ешқандай нақты дедлайн жоқ» екенін айтты.
Бұған дейін Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Иранмен соғысты тоқтатуға және Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келесі келіссөздерге негіз болатын өзара түсіністік жөніндегі бір парақтық меморандумға жақындағанын хабарлаған болатын. Бұл ақпарат екі америкалық шенеунікке және тағы екі дереккөзге сілтеме жасай отырып жарияланған.
Басылым мәліметінше, Вашингтон Иранның негізгі бірнеше тармақ бойынша жауабын 48 сағат ішінде күтіп отыр. Дереккөздер әзірге ештеңе бекітілмегенін, бірақ бұл процесс соғыс басталғаннан бергі ең ілгері кезең екенін айтқан.
Қақтығыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған бірлескен соққыларынан кейін басталған.
Құжат жобасы 14 тармақтан тұрады және оны АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер ирандық шенеуніктермен тікелей және делдалдар арқылы бірге әзірлеп жатыр.
Меморандум аймақтағы соғыстың аяқталғанын жариялап, Ормуз бұғазын ашу, Иранның ядролық бағдарламасын шектеу және АҚШ санкцияларын алып тастау бойынша 30 күндік келіссөздер кезеңін бастауды көздейді.