Трамп: Иранға қарсы жойқын соққылардан кейін соғыс 2–3 аптада аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары Ирандағы әскери мақсаттарының басым бөлігін орындап болғанын және операцияны жақын арада аяқтауды көздеп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.

Фото: Анадолу

Ақ үйде халыққа арнаған үндеуінде Трамп Иран төңірегіндегі қазіргі ахуалға тоқталып, АҚШ барлық әскери міндеттерін қысқа мерзім ішінде аяқтап қалатынын айтты. Сонымен қатар алдағы 2–3 апта ішінде Вашингтон Иранға «өте қатаң соққы» жасайтынын ескертті.

Президенттің айтуынша, «Эпикалық қаһар» деп аталған операция басталғалы бері АҚШ алға қойған мақсаттарының көпшілігіне қол жеткізген.

– Бүгін кешке айтарым, біз негізгі стратегиялық мақсаттарды аяқтауға жақындадық. Америка барлық әскери міндеттерін өте қысқа мерзімде аяқтауға бет алды, алайда алдағы 2–3 аптада біз оларға өте қатаң соққы жасаймыз, — деді Дональд Трамп.

Сондай-ақ АҚШ басшысы бұл шабуылдардан кейін Иран «тас ғасырға кері шегінеді» деп мәлімдеді.

Трамп бұдан бөлек Израильге, Сауд Арабиясына, Қатарға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Кувейт пен Бахрейнге алғыс айтып, АҚШ олардың қорғаныс саласындағы қолдауын жалғастыратынын жеткізді.

Президент Ирандағы мақсаттарының ешқашан билікті ауыстыру болмағанын айтқанымен, жоғары басшылықтағы тұлғалардың жойылуы іс жүзінде «режим ауысуына» алып келгенін алға тартты.

Оның айтуынша, егер осы кезеңде келісімге қол жеткізілмесе, АҚШ Ирандағы барлық электр стансаларына соққы беруі мүмкін.

Сонымен бірге Трамп Иранның мұнай нысандарына шабуыл жасалмайтынын, өйткені «сол ел халқына мүмкіндік бергісі келетінін» мәлімдеді.

Ормуз бұғазы мәселесіне тоқталған АҚШ президенті бұл бағыт арқылы өтетін мұнайға Вашингтон тәуелді емес екенін айтып, осы маршрутпен мұнай алатын елдер оның қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.

– Бізге бұл қажет емес. Ормуз бұғазы арқылы мұнай алатын мемлекеттер осы өткелді өздері қорғауы керек. Олар оны бақылауға алып, маңызын түсінуі тиіс, — деді ол.

Сондай-ақ Дональд Трамп АҚШ-тың мұнай қоры Ресей мен Сауд Арабиясының жиынтық қорынан да көп екенін айтып, елдің Таяу Шығыс энергия ресурстарына тәуелді емес екенін мәлімдеді.

Оның сөзінше, Венесуэладағы әскери операциядан және сол елден мұнай жеткізуден кейін АҚШ Таяу Шығыс мұнайынан толық тәуелсіздікке қол жеткізген.

Еске сала кетсек, Бельгия билігі Ормуз бұғазын ашуға, соның ішінде минасыздандыру арқылы үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді.

Ал Ақ үйде теңдесі жоқ жаңа Салтанат залы салынатынын мәлімдеген Трамп өзін АҚШ тарихындағы ең бақытты президент екенін айтты.