Трамп: Иранмен келісім жасалмайынша активтер бұғаттан шығарылмайды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен ықтимал келісім аясында Тегеранның бұғатталған активтерін мерзімінен бұрын босатпайтынын және санкцияларды алдын ала алып тастамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды DW .

Фото: Report.az

NBC News телеарнасының Meet the Press бағдарламасына берген сұхбатында Трамп мұндай қадамдар тек бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін ғана қарастырылатынын айтты.

– Бұл кейін болады. Егер олар өзін дұрыс ұстап, тиісті қадамдар жасаса, біз бұл мәселені талқылай бастаймыз, – деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар Ақ үй басшысы Иранмен қысқа мерзімді келісімге Ливанның қосылуын талап етпейтінін жеткізді.

– Меніңше, олар мұны қалар еді, бірақ мен ондай талап қоймаймын, – деді Трамп.

Ол сондай-ақ Израильді Ливанда орналасқан «Хезболла» қозғалысына қарсы «нақтырақ әрі нысаналы» соққылар жасауға шақырды.

– Мен Ливандағы жағдайдың жақсарғанын, «Хезболлаға» қарсы соққылар нақтырақ болғанын қалаймын. Олар анағұрлым дәл бағытталуы керек деп ойлаймын, – деді АҚШ көшбасшысы.

Трамп сұхбат барысында Иранның жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеимен тікелей келіссөз жүргізуге дайын екенін де мәлімдеді. Алайда оның нақты қай жерде жүргені туралы сұраққа жауап бермеді.

– Оның қайда екенін білетін-білмейтінімді айтқым келмейді. Бірақ білуім әбден мүмкін, – деді ол.

DW мәліметінше, мамыр айының соңында Axios порталы АҚШ пен Иран өкілдері ақпан айының соңынан бері жалғасып келе жатқан әскери қақтығысты реттеуге арналған негіздемелік келісім бойынша алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін хабарлаған.

Соған қарамастан, Дональд Трамп әзірге келісімді қолдаған жоқ. Ақпарат көздерінің мәліметінше, Вашингтон Тегеран ядролық қару жасау жоспарынан толық бас тартқан жағдайда ғана мәмілеге келуге дайын.

Иран билігі де АҚШ-пен соғысты тоқтату жөніндегі түпкілікті келісімге әлі қол жеткізілмегенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Трамптың Иранға қатысты саясаты республикашылдар арасында сынға ұшырай бастағаны хабарланды.