Трамп Иранмен келіссөзге дайын екенін айтты

Фото: АА

АСТАНА.KAZINFORM - Келесі аптада Иранмен кездесуі мүмкін екенін жариялаған Трамп келісімнің басымдық емес екенін және Тегеранның ядролық бағдарламасы жойылғанын атап өтті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні Ираннан келесі аптада ядролық бағдарламасынан бас тартуға міндеттеме алуы мүмкін екенін айтты.

Гаагадағы НАТО саммитінде сөйлеген Трамп Иран билігінің ядролық арсенал жасағысы келетінін ондаған жыл бойы жоққа шығарып келгенін атап өтіп, Тегеранның ядролық қаруға ұмтылуын қайта жалғастырмайтынына сенім білдірді.

Журналистермен сұхбатында АҚШ президенті Иранмен келіссөздерді қайта бастауға аса қызығушылық танытпайтынын ашық айтып, АҚШ соққылары оның ядролық бағдарламасын жойды деп табанды түрде айтты.

- Келесі аптада Иранмен кездесеміз. Келісімге қол қоюымыз мүмкін. Мен білмеймін. Бұл қажет емес деп ойлаймын, - деді ол.

Трамп Тегеранның бітімге келу үшін дипломатиялық жолмен жүретініне сенімді екенін айтты. Президент келесі аптадағы талқылаулар туралы, өтетін орны немесе қатысушылары туралы толық мәлімет бермеді.

Ол сондай-ақ АҚШ-тың Иранға максималды қысым көрсетуден, оның ішінде ирандық мұнай сатуға шектеулерден бас тартпағанын, бірақ елдің қалпына келуіне көмектесетін шараларды жеңілдету мүмкіндігін білдіргенін айтты.

Трамп мұнай санкцияларына қатысты сұраққа да жауап берді.

- Оларға елді қалпына келтіру үшін қаражат керек. Біз мұның болғанын қалаймыз, - деді Трамп НАТО саммиті кезінде өткен баспасөз мәслихатында Иранға қарсы мұнай санкцияларын жеңілдете ме деген сұраққа.

Трамп бұған дейін Израиль мен Иран атысты тоқтату туралы келісімге келгеннен кейін Қытай Иран мұнайын сатып алуды жалғастыра алатынын айтқан, бірақ кейінірек Ақ үй оның АҚШ санкцияларының жеңілдетілгенін көрсетпейтінін түсіндірді.

Ал Иран өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартпайтынын алға тартып отыр. Жақында Иран парламенті елдің МАГАТЭ-мен ынтымақтастығын тиімді тоқтататын заң жобасын мақұлдады.

Айта кетейік, Иран Израиль агенті болуы мүмкін 700 адамды ұстағанын хабарлады.