Трамп Израильдегідей «Темір күмбез» жүйесін құрмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық партия атынан президенттікке кандидат Дональд Трамп Құрама Штаттарда Израильдегідей «Темір күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құруға уәде беріп отыр, хабарлады Кazinform агенттігінің АҚШ-тағы меншікті тілшісі Рүстем Қожыбаев.

Фото: abcnews.go.com

Сәл бұрынырақ, Республикалық ұлттық съезде 1,5 сағат бойы сөйлеген Д.Трамп Израильдегі сияқты АҚШ-та да «Темір күмбез» құру қажеттігі туралы айтқан болатын. «Израильде зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі бар. Израильге қарата 342 зымыран жіберілді және оның біразы ғана өтіп кете алды», - деп мәлімдеді Д.Трамп Иранның сәуір айында Израильді зымыранмен атқылауына сілтеме жасап.

«Неліктен бұл өзге елдерде болуы, ал бізде болмауы тиіс? Жоқ, біз еліміздің үстінен «Темір күмбез» соғамыз және ештеңенің де келе алмайтындығына әрі халқымызға зиянын тигізбейтіндігіне сенімді боламыз», - деп мәлімдеді Дональд Трамп.

Мұндай идеяға наразылық танытушылар Д.Трамп қандай қатерге тосқауыл қоймақ болып отырғанын білмей дал. Өйткені, «Темір күмбез» шағын қашықтыққа ұшатын зымырандарды ғана қағып түсіруге қауқарлы. Ал АҚШ өзінің шекарасы бойында мұнай қауіпке еш уақытта ұшыраған емес.

Дегенмен, АҚШ армиясы қанатты зымырандармен күресу және даулы аймақтардағы АҚШ активтерін қорғау үшін екі «Темір күмбез» батареясын сатып алды. Маневрлік күштерді, сондай-ақ елді мекендер мен стратегиялық активтерді қорғай отырып, «Темір күмбез» тәулік бойы жұмыс істеп, бір мезетте жаңбыр, шаңды дауыл, тұман және төмен бұлтты мезетті қоса алғанда кез келген ауа райы жағдайында көптеген қауіпке төтеп береді. Жақындап келе жатқан қауіптің траекториясын бағалай отырып, жүйе қағып түсіру қажет пе, жоқ па, соны анықтайды. Егер қажет болса, онда ол нысананы 90 пайыз дәлдікпен ауада жарып жібереді.

«Темір күмбез» (IRON DOME) – «Қысқа қашықтықтағы әуе қорғанысының» (SHORAD) мүмкіндіктерін біріктіретін көпмақсатты әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі саналады. Ол төмен биіктіктегі әуе қауіптерінен, ең алдымен тікұшақтар мен төмен ұшатын ұшақтардан, «Зымырандардан, артиллериялық және минометтік шабуылдағар қарсы әуе қорғанысынан» (C-RAM) және қанатты зымырандардан қорғайды.

Фото: breakingdefense.com/
Фото: itc.ua

Израильдің қару-жарақ шығаратын Rafael компаниясы АҚШ-тағы Raytheon Rafael Area Protection Systems (R2S) бірлескен кәсіпорны арқылы Американың Raytheon әскери-өнеркәсіптік компаниясымен Америкада темір күмбез шығару үшін бірге қызмет істейді. Қазіргі уақытта әскери өнімдердің 70 пайызы АҚШ-та өндіріледі және оны «Темір күмбез» қаруын 100 пайызға дейін оқшаулауға жеткізу жоспарланып отыр.

Израильдегі «Темір күмбезді» жасау үшін үшін 2011 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта Америка Құрама Штаттары жалпы шамамен 2,6 миллиард доллар бөлген болатын. Бұл америкалық Patriot зениттік-зымырандық жүйесімен салыстырғанда айта қоярлықтай көп емес. Өйткені, оның бір батареясының өзі 1,1 миллиард АҚШ доллары тұрады.

Айта кетерлігі, Трамп пен Байденнің әкімшілігі кезінде АҚШ-тың әскери шығыстары арта түскен болатын.

Пентагон шығыстары он мыңдаған жеке компаниядан тұратын тұтас саланы қолдайды. Айталық, жыл сайын АҚШ-тың әскери бюджетінің жартысынан астамы федералды келісімшарттар арқылы жеке секторға берілді. 2002 және 2021 қаржылық жылдары аралығында Пентагон жұмсаған 14,5 триллион доллардың 55 пайызы қорғаныс мердігерлеріне жұмсалды.

Бұл фирмалардың көпшілігі көп жағдайда федералды қаржыландыруға тәуелді. Сондықтан да әскери мердігерлер саяси жүйемен айла-шарғы жасауға көп қаражат жұмсайды.

2002 жылдан 2020 жылға дейінгі сайлау циклі барысында федералды кандидаттарың пайдасына әскери өнеркәсіп жұмсаған жарна көлемі үш есеге артты. 2001 жылдан 2020 жылға дейін әскери мердігер жалпы алғанда кандидаттар мен саяси партияларға қомақты сома – 283 млн доллар жұмсады. Бұл ретте мердігерлер демократтар мен републикашылар атынан түсетін кандидаттар арасында бөлетін қаражаттарын біршама теңдей бөлуге тырысады.

Осылайша, АҚШ-та «Темір күмбез» құруға бастамашалық жасаған Трамптың сайлауалды компаниясы әскери-өнеркәсіп лоббиіне ие болуға ұмтылып, Демократиялық партиядағы саяси қарсыластарының алдын орауға тырысады деп болжам жасауға болады.