Трамп Калифорния мен Флорида жағалауында мұнай өндіру жоспарын жариялады

Фото: behance.net

АСТАНА. KAZINFORM — Трамп әкімшілігі Калифорния мен Флорида жағалауында мұнай өндірудің жаңа жоспарлары туралы жариялады, бұл штаттардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды NBC News. 

Әкімшілік жоспары Калифорния жағалауындағы алты теңіз учаскесін сатуды көздейді. Флорида жағалауында, штат жағалауынан кемінде 100 миль қашықтықта жаңа бұрғылау жұмыстары да жоспарланып отыр.

Климаттың өзгеруін «әлемде жасалған ұлы алдау» деп санайтын Дональд Трамп Ұлттық энергетикалық үстемдік кеңесін құрып, оған АҚШ-тың рекордтық энергия, әсіресе мұнай, көмір және табиғи газ сияқты қазба отындары өндірісін неғұрлым тез арттыруды тапсырды.

Калифорния губернаторы, демократ және президенттің басты сыншысы, 2028 жылы президенттікке үміткер болуды жоспарлап отырған Гэвин Ньюсом ашық теңізде бұрғылау идеясы «сәтсіздікке ұшырауы мүмкін» деп санайды. Бұл ұсыныс Флоридада екі партияның қарсылығына тап болуы мүмкін. 

Сыншылардың пікірінше, АҚШ-та мұнай өндіруді кеңейту жобалары жағалаудағы қауымдастықтар мен экожүйелерге зиян келтіруі мүмкін. Туризм және таза жағажайларға қолжетімділік — екі штат экономикасының негізгі құрамдас бөліктері.

1995 жылдан бастап Мексика шығанағының соның ішінде Флорида мен Алабама суларын қамтитын шығыс бөлігіндегі федералды суларда мұнай төгілу қаупіне байланысты бұрғылау жұмыстарына рұқсат етілмеген. Калифорнияда теңіздегі бірнеше мұнай мұнарасы бар, бірақ 1980 жылдардың ортасынан бері федералды суларда бұрғылауға бірде де бір жаңа рұқсат берілген жоқ.

— Мұнай төгілуі «қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіріп қана қоймай, жағалаудағы үйлердің құнын төмендетеді, туризм саласына зиян келтіреді және жағалаудағы инфрақұрылымды әлсіретеді, — делінген ондаған демократтар қол қойған заң шығарушылар хатында.

Олардың бағалауынша, мұнайдың бір ғана апатты төгілуі салық төлеушілерге миллиардтаған доллар шығын, тазалау және экожүйені қалпына келтіру шығындарын әкелуі мүмкін.

Бұған дейін АҚШ президенті Аляскада мұнай мен газ өндіруге рұқсат бергенін жазған болатынбыз.