АҚШ президенті Дональд Трамп келесі жылдан бастап Канададан импортталатын жеңіл және жүк көліктеріне, автокөлік бөлшектері мен болатқа салынатын кедендік баж салығы 50 пайызға дейін көтерілетінін айтты.
Трамп бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Президент өз жазбасында Канаданың бірнеше жылдан бері АҚШ-ты «алдап келгенін» айтып, екі ел арасындағы сауда балансының 60 млрд доллар көлеміндегі тапшылығын қолайсыз деп атады. Оның айтуынша, бұған енді жол берілмейді.
— 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық автомобильге, жүк көліктеріне (үлкені де, кішісі де), автокөлік бөлшектері мен болатқа салынатын баж салығы 50 пайызға дейін көтеріледі. АҚШ-та өндірсеңіздер — баж салығы нөл болады. Канада енді АҚШ-тың штаты ретінде қарастырылмайды, — деп жазды Трамп.
Оның айтуынша, Канада — сауда және басқа да салаларда қарым-қатынас жасау ең қиын елдердің бірі.
— Олар өздерін артықшылыққа ие ел ретінде санайды. Алайда шын мәнінде Канада бізге емес, біз Канадаға қажетпіз. Олардың саудасының 95 пайызы АҚШ-пен байланысты, ал бізде жағдай керісінше, — деді АҚШ президенті.
АҚШ пен Канада сауда келісіміне келе алмады. Бұған себеп — АҚШ-тың Канададан импортталатын бірқатар тауарға 50 пайыздық баж салығын енгізуі болды.
Канада премьер-министрі Марк Карни сенбі күні өткен баспасөз мәслихатында АҚШ келіссөздер барысында «экономикалық тұрғыдан орындалмайтын әрі әділетсіз» шарттар ұсынғанын айтты. Сондай-ақ ол жұмысшыларды, фермерлерді, отбасылар мен кәсіпкерлерді қорғау үшін Канада Вашингтон енгізген жаңа тарифтерге толық сәйкес келетін жауап шараларын қабылдайтынын мәлімдеді.
Осыған дейін 19 тамыздан бастап Канадаға қатысты жаңа баж салығы күшіне енді. Жаңа шектеулер күнделікті тұтыну тауарларынан бастап өнеркәсіптік өнімдерге дейінгі кең ауқымды қамтиды. Атап айтқанда, шарап, хоккей таяқшалары мен цементке баж салығы салынады. Ал энергия ресурстары, калий тыңайтқыштары, стратегиялық маңызы бар минералдар және балық өнімдері жаңа тарифтен босатылады.