Сейсенбіде АҚШ президенті Дональд Трамп канадалық болат пен алюминийге жоспарланған тарифтерді екі еселеп, оларды 50%-ға дейін көтеру жоспарын жариялады.
Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында ол тарифтер сәрсенбі, 12 наурызда күшіне енетінін жазды. Оның айтуынша, бұл Канаданың электр энергиясына орнатқан 25 пайыздық тарифіне жауап.
— Мен Сауда министріме әлемдегі ең жоғары тарифтік елдердің бірі Канададан Құрама Штаттарға келетін барлық болат пен алюминийге 50%-ға дейін ҚОСЫМША 25% баж салығын енгізуді тапсырдым, — деп жазды Трамп.
Ол сондай-ақ Канада билігінен америкалық сүт өнімдеріне баж салығын дереу төмендетуді талап етті.
— Егер Канада басқа да сорақы және бұрыннан келе жатқан тарифтерді жоймаса, 2 сәуірде мен АҚШ-қа әкелінетін автомобильдерге тарифтерді айтарлықтай көтеремін, бұл канадалық автокөлік өндірісін түбегейлі тоқтатады, — деп қорқытты Трамп.
Кейінірек АҚШ президентінің сауда жөніндегі кеңесшісі Питер Наварро канадалық болат пен алюминий импортына жоспарланған тарифтерді 50 пайызға дейін көтеру осы аптада күшіне енбейтінін мәлімдеді, деп жазды Интерфакс.
— Дұрыс, — деп жауап берді ол CNBC News тілшісінің Канадаға тарифтерді көтеру кешіктіріліп жатқаны туралы сауалына.
Онтарио провинциясының премьер-министрі Даг Форд АҚШ Сауда министрімен сөйлескеннен кейін АҚШ-қа электр энергиясын экспорттауға 25% қосымша ақы енгізу жоспарын тоқтатуға келісті.
Еске сала кетсек, 8 наурыз күні Қытай үкіметі Канададан әкелінетін бірқатар өнімге қосымша баж салығы енгізілетінін жариялады.
Бұған дейін Трамптың Канададан, Мексикадан, Қытайдан импортталатын жаңа тарифтері күшіне енгенін жазған болатынбыз.