Трамп: келіссөз барысында барлық шешімдерді Путин мен Зеленский қабылдайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қырымның Украинаға қайтарылуы, ал Украинаның НАТО-ға кіруі мүмкін емес. Бұл туралы Fox News телеарнасына сұхбаты барысында АҚШ президенті Дональд Трамп мәлім етті.
Трамптың түсіндіруінше, Украинаның қауіпсіздігіне НАТО кепіл бола алмайды. Алайда АҚШ Еуропаға көмектесуге дайын.
- Қауіпсіздік туралы айтар болсақ, олар оқиға орнына адамдарды жіберуге әзір. Біз оларға көмектесуге дайынбыз, әсіресе әңгіме әуе қауіпсіздігі туралы болып отырса. Өйткені бізде бар нәрсе ешкімде жоқ. Меніңше, бұл жерде ешқандай проблема жоқ. Дегенмен қандай да бір қауіпсіздік реформасы болады. Алайда бұл НАТО емес, деп мәлімдеді Ақ үй иесі.
Трамп сұхбат барысында өзінің президент лауазымында отырған кезінде америка әскері Украинада болмайтынын айтты. Алайда оның сөзінше, Франция мен Германия шиеленіс аяқталған соң, онда өздерінің әскерін орналастыруды көздеп отыр.
- Еуропалық мемлекеттер алдыңғы шепке шығады, олардың арасында Франция мен Германия бар және Ұлыбританиядан да болады. Олар өз әскерлерін орналастырғылары келеді, меніңше бұл соншалықты қиын іс емес ,- деді Трамп.
Зеленский мен Путиннің екі аптадан соң болатын кездесуі туралы жаңа ақпарат бар ма, деген сауалға Трамп екі ел көшбасшыларына екіжақты кездесу өткізу керектігі туралы айтты.
Оның сөзінше, ресей-украина дағдарысы бойынша барлық шешімді Владимир Путин мен Владимир Зеленский қабылдайды, себебі АҚШ әскери әрекеттер жүріп жатқан жерден тым алыста.
- Мен олар керемет дос болып кетеді деп ойламаймын, дегенмен олар дұрыс істеп жатыр, ал біз тек сырттан бақылап тұрамыз, - деді президент.
Осыған дейін Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ президентіне шақырту жолдағаны туралы айтты.