Трамп келіссөздер нәтижелі болса, Иранға соққы жасамайтынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Иран төңірегіндегі қақтығысты реттеу мәселесі әзірге шешімін таппай отыр. Бұған дипломатиялық келіссөздерге қарамастан, Ормуз бұғазындағы шиеленістің бәсеңдемеуі себеп, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Видеодан алынған скрин

АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазын ашу жөніндегі келіссөздер нәтижелі болса, АҚШ-тың Иранға қайта соққы жасауы екіталай екенін мәлімдеді.

АҚШ басшысы бұл туралы 8 қарашада CNN телеарнасына телефон арқылы берген 20 минуттық сұхбатында айтты.

— Бәрі олардың нақты әрі берік келісімге келуіне байланысты. Мұндай жағдайда қайта соққы жасауға тура келмейді деп ойлаймын, — деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар Трамп АҚШ әскері жаңа әскери операцияларды бастауға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, аймақтағы үш америкалық әуе кемесі кез келген уақытта операция жүргізуге әзір тұр.

АҚШ президентінің сөзінше, Вашингтон Иранның электр станциялары мен 38 көпірін қоса алғанда, соққы жасалуы мүмкін нысандарды белгілеп қойған. Оның мәлімдеуінше, америкалық әскер бұл нысандарды бір сағат ішінде жоя алады.

— Мен мұндай қадамға барғым келмейді. Өйткені инфрақұрылымды қайта қалпына келтіруге шамамен он жыл уақыт қажет болады, — деді Трамп.

Трамп бұған дейінгі соққылардан кейін Иранның әскери әлеуеті айтарлықтай әлсірегенін де мәлімдеді. Оның бағалауынша, Тегеранда зымырандардың шамамен 10 пайызы, ал дрондардың 15 пайызы қалған.

Бұған қоса АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жексенбі күні келіссөздердің нәтижесіне қатысты сақтық танытып, тараптардың әзірге дипломатиялық келісімге қол жеткізуіне уақыт керек екенін айтты.

— Келіссөздерде әзірге айтарлықтай нәтиже жоқ. Иранның талаптары қабылдауға келмейді, кейбірі тіпті шындыққа жанаспайды, — деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.

CNN дерегінше, өткен аптада АҚШ Конгресіне өткен аралық сайлаудан кейін Таяу Шығыстағы дипломатиялық байланыстар жандана түскен. Атап айтқанда, 6 қарашада Дональд Трамп Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесіп, қақтығысты бәсеңдету жолдарын талқылады.

Қатар Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерде делдалдық қызметін жалғастырып келеді. Алайда тараптар әзірге келіссөздердің нақты нәтижесі туралы ақпарат берген жоқ.

Айта кетейік, АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қарулы қақтығыс 2026 жылғы ақпанның соңынан бері жалғасып келеді. Қақтығысты реттеудегі басты кедергілердің бірі – әлемдік мұнай жеткізілімінің едәуір бөлігі өтетін Ормуз бұғазындағы жағдай.

Бұған дейін АҚШ Иранға Каспий теңізі мен құрлықтағы шекара арқылы қару жеткізуге тосқауыл қоймақшы екенін хабарлаған болатынбыз.