Трамп Қытай студенттерінің АҚШ-та білім алғанын қалайтынын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда сапармен жүрген АҚШ президенті Donald Trump Дональд Трамп қытайлық студенттердің АҚШ университеттерінде білім алуын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлады Lianhe Zaobao.

Фото: Анадолы

Fox News телеарнасының жүргізушісі Шон Хэннитиге берген сұхбатында Трамп шетелдік студенттерді америкалық оқу орындарына қабылдамау қорлау сияқты көрінетінін айтты.

– Белгілі бір елге «біз сендердің студенттеріңді университеттерімізде көргіміз келмейді» деп айту – өте қорлайтын нәрсе, - деді ол.

Трамптың сөзінше, егер қытайлық студенттер АҚШ-қа оқуға келмесе, ең алдымен америкалық орта деңгейлі университеттер зардап шегеді.

– Содан кейін олар Қытайдың өзінде жаңа университеттер аша бастайды, - деді АҚШ президенті.

Соңғы жылдары АҚШ-тағы қытайлық студенттер саны азайып келеді. Бұған АҚШ-тағы саяси ахуал, Қытай студенттеріне қатысты жағымсыз көзқарастар, Қытай экономикасындағы өзгерістер және жергілікті жоғары оқу орындарының күшеюі әсер еткен.

АҚШ Мемлекеттік департаменті қолдаған зерттеу нәтижесіне сәйкес, өткен оқу жылында АҚШ-та 265 мыңнан астам қытайлық студент білім алған. Алайда Үндістан Қытайды басып озып, шетелдік студенттер саны бойынша бірінші орынға шыққан.

Сұхбат барысында жүргізуші қытайлық студенттердің заңсыз әрекеттерге қатысы болуы мүмкін деген мәселені де көтерді. Бұған жауап берген Трамп:

– Шынын айтқанда, олар бізге бір нәрсе жасады, біз де оларға бір нәрсе жасадық, - деді.

Сонымен қатар Трамп бұл мәселеде өзінің кейбір консервативті жақтастарымен пікір қайшылығы бар екенін жасырмады.

– Барлығы менің пікіріммен келісе бермейді. Бұл консерваторлардың ұстанымына ұқсай бермеуі мүмкін. Бірақ мен өзімді консерватордан гөрі, ақылға көбірек сүйенетін адам деп есептеймін, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қытайлық студенттердің визаларын жаппай қайтарып алу қажеттігін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар Трамп әкімшілігі студенттік виза рәсімдеу кезінде әлеуметтік желідегі жарияланымдарды тексеруді күшейтіп, кей кезеңдерде виза беруді уақытша тоқтатқан еді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға мемлекеттік сапары барысында Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер өткізіп, оны биыл қыркүйек айында АҚШ-қа келуге шақырғаны туралы жазғанбыз.