Трамп қолтаңбасы қойылған жаңа кітабының сатылатынын хабарлады
АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп өзінің «Американы құтқару» атты жаңа кітабының сатылымға шыққанын хабарлады. Туындыда ол өзінің мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы төрт жылын және Ақүйдегі алдағы мерзімі туралы ойын жазған, деп хабарлайды Goa Chronicle.
Кітаптың бағасы 99 доллар. Ал автордың қолы қойылған көшірмесін 499 долларға сатып алуға болады. Кітап республикашылдың биліктегі алғашқы төрт жылындағы «бұрын-соңды болмаған көзқарасы» мен оның келесі мерзімге деген көзқарасын ашып көрсетеді және Трамптың бірінші әкімшілігінің «маңызды сәттерін» қамтиды.
— Әлемдік көшбасшылармен жоғары деңгейдегі тарихи кездесулерден бастап Ақүйдің ашық көріністеріне дейінгі әрбір фотосуретті президент Трамп өзі таңдады, бұл оның президент ретіндегі келесі төрт жылын не анықтайтыны туралы түсінік береді, — делінген кітап сипаттамасында.
2016 жылғы сайлаудан кейін президент қызметін атқарған Дональд Трамп биылғы жылдың 5 қарашасында өткен президент сайлауында жеңіске жетіп, 19 ғасырдағы төрт жылдық үзілістен кейін Ақүйге оралған АҚШ-тың алғашқы көшбасшысы атанды.
Штаттардың сайлаушылар алқасы сайлаушылар еркіне 17 желтоқсанда дауыс береді, ал жаңа Конгресс 2025 жылдың 6 қаңтарында нәтижелерді растайды. Ұлықтау рәсімі келесі жылдың 20 қаңтарында өтеді.