Трамп компьютерлік чиптер мен дәрі-дәрмектерге баж салығын енгізбекші
АСТАНА. KAZINFORM — Трамп әкімшілігі чиптер мен фармацевтикалық өнімдердің импортына қатысты тергеу жүргізуді бастады. Бұл жаңа тарифтердің енгізілуіне әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Ұлттық қауіпсіздік туралы заңға сүйене отырып, тергеу жартылай өткізгіштерді өндіруге арналған жабдықтарды, микросхемалар элементтерін және фармацевтикалық ингредиенттерді де қамтиды.
Ақ үйдің хабарлауынша, президент «ұлттық және экономикалық қауіпсіздік үшін шешуші маңызы бар өндірістерді елге қайтарудың маңыздылығын бұрыннан айтып келеді».
Фармацевтикаға қатысты Дональд Трамп көптеген маңызды дәрі-дәрмектердің шетелден әкелінетінін айтып, «біз енді өз дәрімізді өзіміз өндірмейміз» деген пікір білдірген. Жаңа баж салығы жартылай өткізгіштер мен фармацевтикалық өнімдерге 1962 жылғы Сауданы кеңейту туралы Заңның 232-бөліміне сәйкес енгізіледі. Бұл заң президентке ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында тарифтер енгізуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін АҚШ электроникаға салынатын баж салығын уақытша алып тастап, жаңа тарифтерді дайындап жатқанын жазған болатынбыз.