АҚШ президенті Дональд Трамп бұл туралы Тruth Social әлеуметтік желісіндегі аккаунтында жариялады.
Оның айтуынша, Medicaid мемлекеттік бағдарламасы енді кәмелетке толмағандарға жынысын өзгерту мақсатындағы медициналық процедуралар шығынын өтемейді.
— Біз бейкүнә балаларымызға жасалған мұндай қатыгез ота мен процедуралар үшін ақы төлемейміз, бұл олардың жас денелеріне орасан зиян келтіреді, — деп жазды Трамп.
Трамп өз әкімшілігі ұстанымының арқасында соңғы бір жарым жылда ондаған америкалық ауруханалар «гендерлік-аффирмативтік көмек» көрсетуді тоқтатқанын және тағы көптеген мекеменің солай жасайды деп күтілетінін мәлімдеді.
Medicare және Medicaid қызмет көрсету орталықтары (CMS) балалар мен жасөспірімдерге жынысты қайта тағайындау процедураларын қаржыландырудың тоқтатылғанын растады.
— Баланың жынысын өзгертуге бағытталған процедуралар, соның ішінде жыныстық жетілуді блоктау, гормондық терапия және хирургиялық араласу бедеулік, жыныстық функцияның бұзылуы, сүйек тіні тығыздығының төмендеуі, ми дамуының өзгеруі және басқа да ұзақ мерзімді физиологиялық қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін, — делінген CMS мәлімдемесінде.
Тыйым жыныстық жетілуді блоктау, гормондық препараттар және хирургиялық оталарға қатысты қолданылады.
Қаулы 13 қазанда күшіне енуі тиіс.
Осыған дейін АҚШ Жоғарғы Соты трансгендерлерге төлқұжаттарындағы жынысын өзгертуге тыйым салғанын жаздық.